Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда 20 мен 35 жас аралығындағы жігіттер орта ғасырдағы сарбаздардың ісін қолға алған

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2014
  • 1354

Қызылжарда батырлар клубы дамып келеді. 20 мен 35 жас аралығындағы жігіттер орта ғасырдағы сарбаздардың ісін қолға алған. Олар темір сауыт киіп, қылыштасу өнерін көрсетеді. Қазір топ мүшелерінің саны 15-ке жетті. Сардарлар тек бір-бірімен жекпе-жек өткізіп қана қоймай, халықаралық жарыстарда да көзге түсіп жүр. Тепсе темір үзетін қызылжарлық жігіттердің ермегі туралы аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин әңгімелейді. 

Жергілікті университеттің оқытушысы Сергей Гайдиннің бұл бала күнгі арманы екен. Көңілі қалаған сайыспен шұғылданып жүргеніне 10 жылдай болған. Қазір бос уақытында семсерді қолға алады.

Сергей Гайдин, «Баярд легион» клубының мүшесі:

Маған дала сарбаздарының сауыттары ұнайды. Өте ыңғайлы. Қарулары да қызық. Өзіме «шоқпар» істеп алдым. Негізінде сауыттар сапалылығымен де ерекшеленеді. Кейбір сауыттар жұқа, жеңіл және соққыға өте төзімді болады. Осындай киімді армандап жүрмін.

Ерекше клубтың құрылғанына биыл 11 жыл толады. Ұйымның негізін қалаған Виталий Лукашовтың айтуынша, клуб мүшелерінің саны жылдан жылға толығып келеді. Бастапқыда он адамға жетер-жетпестен болса, қазір сарбаздар саны 15-ке жеткен. 

Виталий Лукашов, «Баярд легион» клубының президенті:

Біз «Алтын Орда» және одан кейінгі замандағы жауынгерлердің сауыттарын зерттеп, соның көшірмесін жасауға тырыстық. Кішігірім ұстаханамыз да бар. Арнайы киімді өзіміз жасауға тырысамыз. Ал күрделі бөлшектерге тапсырыс береміз. Осындағы жігіттердің барлығының істеп жүрген істері өздеріне ұнайды. Жас аралықтары да әрқилы. 20 мен 35 жастың арасында.

Батырсымақтар сауыт жасау ісіне машықтанып алыпты. Енді олар ежелгі дала батырларының қару-жарақтарын жасауға қызушылық танытуда. Алайда ол қымбатқа түседі, дейді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Халықаралық талаптарға сай жауынгерлердің денесі бастан-аяқ темір-терсектермен жабық болуы керек. Сауыттар өте ауыр болады екен. Кейбіреулерінің салмағы 30 келіге дейін жетеді. Қылыштың өзі 3 келі. Аруақ!

Клуб мүшелері қазақстандық және халықаралық жарыстарға қатысып отыруды әдетке айналдырған. Осы уақытқа дейін қоржындары санқилы жетістіктермен майланды. Мәселен, Қырымда өткен соңғы жарыста олар үшінші орынды еншілеп қайтыпты.

Владимир Торопов, «Баярд легион » клубы командасының капитаны:

Қазір Астанадағы әріптестеріміз «дала жүзі» атты жарысты ұйымдастырмақ. Онда республика құрамасына кіретін жігіттердің есімдері белгілі болмақ. Көрші Ресейде тарихи шайқастар сайысы жақсы дамыған. Біз көбінде сонда барып тәжірибе алмасамыз.

Сардарлар таяуда Мәскеуде өтетін жарыста бағын сынап көруді көздеп отыр. Айтуларынша, бұл сайыста әлемнің ең мықты деген спортшылары тоғысады. Алтыннан дәмелі қызылжарлықтар қазір дайындық жұмыстарына білек сыбана кірісті.

Абзал ҚҰРМАНКИН