Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде Құрбан айттың құрметіне тұрғындарға 9 мың бауырсақ таратылды

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2014
  • 1589

Өскеменде Ұлық мереке - Құрбан айттың құрметіне 9 мыңнан аса бауырсақ пісірілді. Ол үшін қалалық астық қоймасы мен нан зауыттары 500 келіден астам ұн мен 200 литр май бөлген. Ал, наубайханалардың әрқайсысы бауырсақты өзгеше әдіспен дәмді етіп әзірлеуге барын салды.

Айт намазынан соң бірден мешіт маңындағы алаңға үстелдер қойылып, дастарқан жайылды. Облыстағы 300-ден аса батыр аналар арнайы шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Мерекеге келгендердің барлығына ыстық бауырсақ таратылды. Тұрғындар ұлттық тағамнан дәм татып қана қоймай, ең дәмдісіне дауыс берді. Көлемі жағынан Қазақстанда үшінші орын алатын үлкен мешіттің алдына сахна мен спорттық алаңшалар орнатылған. Жиналғандар концерт пен спорттық жарыстарды тамашалады.

Нұрлан Қажы Асанов, Шығыс Қазақстан облысының бас имамы:

Құрбан Айт қабыл болсын! Жалпы, бұл мереке тек мұсылмандарға тән емес, осы еліміздің барлық азаматтарына, барша халқымызға тән мереке. Бүгін осы мереке аясында облысымыздағы батыр аналарды жинап мешітке осындай дәм беріп, құрмет жасауға ниеттіміз.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ