Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда салынатын АЭС-ның орны нақты белгіленген жоқ

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2014
  • 1502

«Қазақстанда салынатын атом электр стансасының орны нақты белгіленген жоқ». Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрлігіне қарасты салалық комитет төрағасының орынбасары Тимур Жантикин осылай деп мәлімдеді. «Қазақстанның атом энергиясы саласындағы МАГАТЭ ұйымымен ынтымақтастығы» тақырыбында өткен жиында Халықаралық агенттіктің қызметі жөнінде баяндалды. «МАГАТЭ - қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ғылыми жаңалықтар мен тәжірибелер алаңы»,- деді ол. Бүгінде Қазақстан  ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты ядролық қызметке атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттік  кепілдігін қолдануға құқылы. Мамандарды оқыту мен біліктілігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт пайдалану кезінде қауіпсіздік деңгейін көтеру бойынша жобаларға,  халықаралық конференцияларға қатысуына мүмкіндік алды,- дейді. 


Жиында  Калачидегі
«ұйқы» ауруына радиацияның әсері жоқ екендігі де айтылды. Тағы бір жаңалық, атом электр стансасы салынатын аймақтардың тізімінен Ақтаудың алынып тасталғаны, белгілі болды.

Тимур Жантикин, ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

Бүгінде атом электр станциясын салуға екі аумақ қарастырылуда. Ол -  Шығыс Қазақстан облысы мен Балқаш өңірі. Басында атом станциясын орналастыруға 10 аймақ таңдалған. Кейін  бесеуі қалды. Үкіметтік комиссияның тапсырмасымен арнайы құрылған жұмыс тобы Шығыс Қазақстан, Балқаш өңірі мен Ақтауды таңдап алған. Қазір  бұл тізімнен Ақтау алынып тасталып, екі аймақ қана қалды. Бірақ бұл әлі соңғы шешім емес.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ