Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде жөтелге қарсы дәрі шығаратын зауыт ашылды

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2014
  • 1570

Ақтөбеде тұмау мен суық тиюге қарсы  дайындық жұмыстары қолға алынды.  Жергілікті денсаулық сақтау саласының мамандары  дәрі-дәрмек пен вакцинаны қажетті көлемде алдық дейді. Қыс түсе көпшілікті кереуетке таңатын тұмаумен күрес қазанның алғашқы күндерінен-ақ басталып кеткен.

Ақтөбе облысына жыл сайын шамамен 40 мың дана екпе әкелінеді. Биыл оның 22 мыңы қарттар үйіне, медицина қызметкерлері мен диспансерлік есепте тұрған жандарға бөлінген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 25 млн теңге қаражат қарастырылды.  


Мәншүк Тұңғатарова, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі:

Қазіргі кезде медицина мекемелері тұмауға қарсы күреске дайын. Барлық препараттармен тұмауға қарсы, дәрі-дәрмектермен және бетперделермен толық қамтамасыз етілген.

Дәрігерлер  бірінші кезекте ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге кеңес береді. Олардың айтуынша, әзірге иммунитеттің вирусқа қарсы төзімділігін көтеретін тек екпе болып отыр.

Азамат Жарымбетов, дәрігер-эпидемиолог:

Тиімді. Мысалы, екпе алмаған адам ауырған кезде тұмаумен орта есеппен 10 мың теңге шамасында қалтасынан қаражат кетеді. Ал, егер бір рет екпені алса, ол тұмаумен ауруға кепілдік береді.

Биылдан бастап жөтелге қарсы дәріні Ақтөбеде де шығару қолға алынған. Мемлекеттің қолдауымен ашылған зауыт мия өсімдігінің шәрбәтін даярлайды. «Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 195 млн теңге қаражат алған мекеме алғашқы өнімдерін дәріханаларға жеткізіп үлгерген. Шетелдік қымбат дәрілерге қарағанда, жергілікті шәрбәттің бағасы да арзан дейді зауыт басшысы.

Жаңагүл Төреханова, «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС директоры:

Біздің зауытта мия тамырлары терең тазартылады. Белсенді құрамдарының адам ағзасына жақсы сіңуіне сеп болады. Сонымен қатар тітіркену бола бермейді.

Сағатына 5 мың құты шәрбәт дайындауға мүмкіндігі бар зауыт қазір мия тамырын тұндыру үстінде. Қызылордадан келетін өсімдіктің қасиетіне оң баға берген зауыт мамандары, бұл дәріге шетелдіктер де қызығушылық танытып отырғанын алға тартты. Ал экспортқа шығару үшін халықаралық деңгейдегі рұқсат қағазын алу қажет. 

Мансұр ЕСҚОЖИН