Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде ірі жүк тасымалдаушылардың құқығын қорғайтын жоба қолға алынбақ

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2014
  • 1152

Елімізде ірі жүк тасымалдаушылардың құқығын қорғайтын «Халықтық бақылау» жобасы қолға алынбақ. Осылай еткен жағдайда логистикалық компаниялар жолындағы кедергіні жою үшін құзырлы органдарға тікелей хабарласа алады. Яғни әуежайлар мен вокзалдарға жаппай ақпараттық парақшалар ілінеді. Онда тиісті телефондар жазылады. Айта кетерлігі, көп жағдайда отандық кәсіпкерлер мәселені ушықтырудан қорқып, шағымданбайтын көрінеді. «KAZLOGISTIKS» одағындағылар бұл қызметке шет елдік операторлардың қуана-қуана  жүгінеріне сенеді.

Бүгін Астанада Қазақстандағы логистиканы дамыту жайы талқыланған. Еліміз 2020 жылға қарай өз аумағындағы жүк тасымалын 50 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Ерхат Есқалиев,  "KAZLOGISTIKS" ҚТО бас директоры:

Мемлекет үшін ұсақ-түйек болып көрінетін кейбір мәселелер - кәсіпкерлерге едәуір кедергі. Күніне қаншама тонна жүк сағаттап кешігеді, ол үшін қосымша төлем алынады. Осыны реттеу керек. Мұны шетелдіктер ғана ашық айта алады. Олар ешкімге тәуелді емес, ешкімнен қорықпайды. Біз енді шет елдік операторлармен тоқсан сайын кездесіп тұратын боламыз.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жүк тасымалын үйлестіретін «Біріккен транспорттық-логистикалық компания» құру туралы  келіссөз әлі талқыланып жатыр. Оны құру жайлы шешім екі жыл бұрын қабылданған. Бірақ одаққа мүше елдер әзірге ортақ мәмілеге келе алмай отырған көрінеді.

Ерхат Есқалиев,  "KAZLOGISTIKS" ҚТО бас директоры:

Саудаласу жүріп жатыр. Мұндай ұйымдарда мәмілеге келу қиын. Қазақстанның өз берік ұстанымы бар. Бәрінің қызығушылығын қанағаттандыратын ортақ шешімге  келу керек. «Транссібір» мен «Ұлы жібек жолы» дегеніміз бір ұғым. Осыны түсіну керек. Жүк бір, бірақ көзқарастар әртүрлі болып тұр.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ