Русский Сайттың толық нұсқасы

АМӨЗ-ның хош иісті көмірсутек өндірісі кешенін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2014
  • 2269

Атырау мұнай өңдеу зауытының хош иісті көмірсутек өндірісі кешенін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазір іске қосуға дайындық басталған. Ал мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені жоспар бойынша 2016 жылдың соңында іске қосылмақ. Бензин тапшылығын жоюға үлес қосатын қос ірі жобаның құны 2 млрд 900 млн  долларды құрайды. Шығынның 45 пайызын Қазақстанның Даму банкі қаржыландырып отыр.

Күз басталысымен туындаған жанармайдың бөлшек сауда нарығындағы мұнай өнімдерінің тапшылығы автокөлік жүргізушілерін әбден әбігерге салғаны белгілі. Осыған орай жанар-жағармай бекеттері бензин көлемін шектеп не талондық жүйеге көшуге мәжбүр болды. Расы керек, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының қауқары ішкі нарықтағы сұранысты  қанағаттандыра алмайды. Сондықтан жоғары октанды бензиннің 40 пайызы Ресейден тасымалданды. Алдағы бірер жылда нарықтағы бұл  жағдай түбегейлі өзгермек.  Мамандар Атырау мұнай өңдеу зауытындағы хош иісті көмірсутек өндірісі мен мұнайды тереңдетіп өңдеу кешендеріне үміт артып отыр. 

Нұрлан Кейкин, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ  күрделі құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:

Хош иісті көмірсутек кешенін іске қосу шығаратын жанар-жағармайдың сапасын Еуро-3 стандартына сәйкестердіруге мүмкіндік береді. Мұнайды терең өңдеу кешенін 2016 жылы пайдалануға беру күтілуде. Осылайша Қазақстандағы 3 мұнай өңдеу зауыты толық жаңғыртудан өткен соң, Қазақстандағы  бензин тапшылығы толықтай жойылады. Қазір хош иісті көмірсутек өндірісі кешенін іске қосуға дайындық басталды.

«Яғни хош иісті көмірсутек кешені іске қосылған соң, бензин өндірісі 20 пайызға артып, жылына 650 мың тоннаға дейін бензин өндіруге мүмкіндік болады», - дейді зауыт  басшылары. Оның басым бөлігі жоғарғы октанды бензин болмақ.  Ал 2 жылдан соң мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені іске қосылғанда, бензин көлемі 3 есеге дейін артады. Және сапасы Еуро-3 және Еуро-4 стандарттарына сәйкестендіріледі.  Әрине, мұнай өңдеу саласын жаңғырту - капиталды көп қажет ететін әрі ақталу мерзімі ұзақ  жұмыс. Соған қарамастан Қазақстан Даму банкі стратегиялық маңызы бар күрделі жобаны қаржыландыруды қолға алды. Зауыттағы қос кешенді жаңғырту құны - 2 млрд 900 млн АҚШ доллары болса, соның 45 пайызы аталған банктің үлесінде.

Сандуғаш Кенжебаева, Қазақстан Даму банкі №1 жобалық дирекция басшысының орынбасары:

Несиеміз 13 жылға беріліп отыр. Біздің жобамыз бойынша 2017 жылға дейін  осы екі жобаны іске асырғаннан кейін, Қазақстанда бір зауыт мұнайды өңдеу сауалына жауап береді. Мұндай жобаға кез-келген Қазақстанның банкі бара алмайды. Дәл осы жоба қаржы жағынан, жоғары технология жағынан іске асуы қиын деп есептейміз. Біздің ойымызша, бұл зауыт тек біздің ғана емес, басқа жерден алған несиелерін толықтай ақтай алады. 

Осылайша, еліміздегі бензин тапшылығы проблемасы Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылған соң,  2017 жылға таман түбегейлі шешілмек.  Еліміздегі  ең ескі мұнай өңдеу зауытындағы жоба атқарылғаннан кейін,  Қазақстан Даму банкі Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарын да қаржыландыруды жоспарлап отыр.

Базаркүл ІЗІМОВА