Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кедергісіз келешек» жобасы Оралдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекпен қамтылуына сеп болуда

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2014
  • 2263

«Нұр Отан»  партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы Оралдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекпен қамтылуына сеп болуда. Елбасы өз Жолдауында мұндай азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауды, Қазақстанның олар үшін кедергісіз аймаққа айналуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Еліміздің билеуші партиясы осы тапсырма аясында қамкөңіл жандардың тұрмыс-тірлігін жақсартуға белсене кірісті. 


Оралдық ІІ-ші топтағы мүгедек Гүлсайра Ғатауова өзі сияқты талай жанға компьютер үйретеді. Өз ісінің маманы бұл жұмысқа «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының аясында орналасқан.

Гүлсайра Ғатауова, «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

Жәрмеңке арқылы «Арба» қоғамдық бірлестігіне жұмысқа тұрдым. Басынан бастап үйретеміз. Компьютерді қалай өшіп-қосу керек екендігін. Себебі барлығының үйінде компьютер бар деп айта алмаймын. Себебі тек зейнетақымен, яғни жәрдемақымен күн көріп отырған адамдар бар. Сол себепті көбісі компьютер білмейді.

Гүлсайра секілді жаңалыққа жаны құмар жандар бұл орталықта жетерлік. Бірі киім тігу, тоқыма өнерінен ісмер дайындаса, енді бірі аспаздықтың қыры мен сырын үйретеді. Тіпті серігіне айналған арбасы сынғандар да осындағы шеберханадан іздегенін табады. Ал қолы босағанда мылтық атып, үстел теннисімен айналысады. Бір кездегі Еңбекпен қамту орталығы ғимаратының бір жақ қанатын иеленген орталық қазір 215 адамды паналатқан. Бірлестік басшысы болашақта мүгедектерге арналған спорт клубын ашуды көздеп отыр.

Гүлмира Батпақұлова, "Арба" қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

Егер біздің облыс бойынша спорт клубы ашылса, сол мүгедек балалардың, өзім ойлаймын, сол спорт клуб мүгедектердің бастарын жинап, бір жерде, дамытып, үйретсе деймін. Сондай арманым бар.

2 мың 500 метр биіктіктен парашютпен секіріп, мүгедектердің өзгелерден кем түспейтінін дәлелдеген Гүлмираның бұл ерлігі өзге мүгедектер түгілі, дені сау адамдарға үлгі болғандай. Бірақ тағдырдың сынына мойымаған мүгедектер жұмысқа орналасу ісінде қиындық көріп жатады. Сондықтан жолы болмаған жандардың жігері құм болатыны бар.  Биыл Батыс Қазақстанда бос жұмыс орындары жәрмеңкелері бойынша 570 мүгедек жұмыспен қамтылыпты.  

Еркін ҚАРИН