Русский Сайттың толық нұсқасы

Сыр елі дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» музыкалық өнер фестивалін биыл да ұйымдастырды

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2014
  • 3093

Қорқыт бабаның өмірі, шығармалары әлем ғалымдарын қызықтырып отыр. Сыр елі дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» музыкалық өнер фестивалін биыл да ұйымдастырды. «Қорқыт Ата мұралары - түркі халықтарының рухани қазынасы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, оған 9 мемлекеттің өнер зерттеушілері мен ғалымдары бас қосты. 

Келелі жиын түркілердің тарихын зерттеуші түрлі елдердің ғалымдарының басын қосты. Олардың тұжырымы біреу: діні ортақ, тілі ұқсас елдердің салт-дәстүрлері, қайталанбас озық үлгілері түркі әлемінің әлі зерттелмеген бай мұралары кеңінен насихатталуы керек.

Олжас Сүлейменов , Қазақстаннның халық жазушысы:

Менде қазір кітап жазып жатырмын. «Тюркская пирамида», аты орысша. Сонда Египетте, көне Египетте өте мағыналы материалдар бар. Атағаны жақын: Ра Хорахт - Ра Қорқыт тағы бірнеше осындай бар. 5-6 айдың ішінде бітіреміз, Құдай қаласа.

Ал түрік ағайындар Қорқытты Әлішер Науаидің туындыларынан алғаш таныған. Кейін қызығушылық артып, ол жайлы зерттеу жұмыстарын бастапты. Сондықтан тың дүниелердің әлде де өмірге келетініне сенімді.

Мұстафа Синан Качалин, профессор, Түрік тілі ұйымының басшысы, Түркия:

Кейінгі зерттеулерге қарап отырсақ, ол туралы ақпараттар Түркияның Оңтүстік жағы, яғни Орта Азия, Қазақстан, Түркменістан жерлерінде көп сақталған екен. Әлбетте, бұл еңбектер әр түрлі тілде жазылған, ауызекі айтылып келген. Бірақ түпкі нұсқасын, мазмұның жоғалтпаған. Болашақ ұрпаққа және басқа тілдерде осы Қорқыт-ата туралы ақпараттар, мәліметтер жетіп жатса, бұл біздің ынтымағымыздың, бірлігіміздің факторіне айналады.

Ишмұрат Ильбаков, қурайда саз орындаушы, Башқұртстан:

Қорқыт бабамызды Башқұртстанда өте жақсы білмейді. Соны біз таныстыруымыз керек. Осындай фестиваль көп болған кезде, араласуымыз керек.

Жалпы, қазақ халқы Қорқытты қобыздың атасы деп таниды. Ол өз заманындағы халықтың мұң-мұқтажын, қолындағы қара қобыз арқылы жеткізген деседі. Атағы жер жарған жырау болған. Ол туралы деректер өте аз. Оның қай ғасырда өмір сүргені ғалымдар арасында дауға айналған мәселе.

Аңыз бойынша, ол өлімнен қашып Сыр еліне келген деседі. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт абыздың мазары шамамен 9-10 ғасырларда қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы болған дегенге саяды. Мазары да сол жерде болған. 1925 жылдан опырыла бастап, 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен. Қазір орны белгісіз. Ал 1980 жылдары Қорқыт атаға арнайы кесене орнатылды. Қазір көпшілік тәу ететін кесенеде ауқымды реставрациялық жұмыстар жалғасып жатыр.

Шарипа САҚТАПОВА