Русский Сайттың толық нұсқасы

ТМД дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жауапкершілігі Қазақстанға жүктелді

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2014
  • 1098

Тәуелсіз мемлекеттер достастығын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жауапкершілігі Қазақстанға жүктелді. Минскіде өтіп жатқан ТМД елдері басшыларының саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми Астана  стратегиялық маңызды құжатты одаққа мүше елдермен санаса отырып әзірлейтінін мәлімдеді.

Посткеңестік елдер достастығы ұйымына төрағалық 2015 жылы Қазақстанға бұйырғалы тұр. Келесі саммиттің біздің елімізде 2015-тің  желтоқсанында өтетіні де белгілі болды. 24 жылдық ынтымақтастықтың жұмысын қорытындылай келе, Нұрсұлтан Назарбаев  құжаттың бірқатар өзгерістерді талап ететінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Төраға ел ретінде біз басталған жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Мүмкін, мемлекет басшыларымен кеңесіп, ТМД-ның жаңа даму тұжырымдамасын достастықтың 25 жылдығына орайластырып, әзірлейміз. Қазақстан бұл мәселені ойластырып, сіздермен кеңеседі.

ТМД лидерлерінің жиынында Украина басшысының орны бос. Петр Порошенко саммитке белгісіз себептермен келе алмады. «Оның диалог алаңына келмеуі, жаңа биліктің ТМД-ға қатысты нақты позициясының болмауын білдіреді»,- деді Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Сондай-ақ Беларусь президенті Лукашенко да өз уәжін айтты. Ол «Украина дағдарыстан қалай шығады» деген мәселе тәуелсіз мемлекеттер достастығының алаңында емес, Еуропа елдерінің мінберлерінде жиірек айтылатынына алаңдады. Айтуынша, Украинадағы тұрақсыздықтың салқыны тек сол елдің экономикасына емес, барлық  посткеңестік елдерге тимек.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ