Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда жолаушылар тасымалдау төңірегінде талас туды

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2014
  • 1555

Таразда жолаушылар тасымалдау төңірегінде талас туды. Жуалы ауданына жүретін «Тараз-Жолаушы» серіктестігінің  жүргізушілері табысымыздан айырылдық дейді. Олар екі араға қатынайтын такси қызметінің өз кәсіптеріне кесір тигізгеніне ашынады. 30-дан аса жүргізуші облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына барып, жағдайды түсіндіруді талап етті. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

«Тараз-Жолаушы» серіктестігінің жүргізушілері такси қызметін жамылғандардың ісі заңсыз дейді. Көліктеріне жолаушы толтыра алмай жүргендеріне апта болған олар тендер бойынша  адам тасымалдауға құқықтары бар екенін алға тартады. Жағдайды бір жақты шешіп беруін шенеуніктерден талап етуде.

Әбілдәбек Орынбаев, көлік жүргізуші:

2009 жылғы қазан айынан бастап, 2016 жылғы қазанға дейін біздің тендеріміз заңды. Осы бағытқа Бауыржан Момышұлы-Тараз қаласы, екі ортаға жүруге рұқсат қағазын алғанбыз. Міне, департамент алдында тұрмыз. Қалай енді рұқсат берген?

Аталған серіктестікке қарасты 32 көлік «Тараз-Жуалы» бағытында бес жылдан бері жолаушы тасымалдап келеді. Алайда оларға бәсекелес ретінде тағы бір серіктестіктің 40 шақты таксиі қосылған. Наразы топ "Айнұр-Жетінұр" мекемесі 11 адамдық шағын автобустарымен жолаушы тасымалдауға кіріскенін айтады.

Нұралы Еңсебеков,  көлік жүргізуші:

Ойда-жоқта Еркебай дейтін біреу такси жүргіземіз деп, біздің жерімізге басып алып кіріп тұр. Олар такси емес, олар «Хундай» микроавтобусы. Таксиге жатпайды ешқандай, 11 адам алады. Шопырлардың ешқандай стажы жоқ. «Д» категориясы жоқ.

Ал көлік тасымалын басқаратын басқарма басшылары біразға дейін бой көрсетпегенімен, ақыры мұңын шаққандарды мекеме ішіне жинады. Тараптардың талабына құлақ асты.

Айтжан Жұмабеков, Жамбыл облыстық әкімдігі бөлім басшысы:

ІІД әкімшілік полиция басқармасына хат жазып, алдағы жоспарлап отырған қазіргі жиналысқа байланысты, салық департаменті бар, бәріміз бірлесе тексеріс жүргізіп, кімнің ол жерде заңсыз жүргені, заңды жүргеніне тексеріс жүргізіп, айыппұл жариялаймыз. Заң бойынша, иә.

Тас жолға темір тұлпарларын шығарып, табыс таппақ болды деген жеке кәсіпкермен телефон арқылы тілдестік. Ол  дауға еш қатысым жоқ дейді. Тек Жуалы ауданына шағын автобекет салынғанын айтады. «Онда билет сатылып, кассалық есеп жүреді. Содан қашып, артық ақша төлегісі келмеген  жүргізушілердің шығарған дауы», - дейді.

Еркебай Рысалиев, «Айнұр-Жетінұр» ЖШС директоры:

Аудан-аудандардың бәріне автостанция соқсын деген қаулы шыққан. - Кешіріңіз, демек, таксистердің заңсыз қызметі сізге қатысы жоқ қой? - Маған қатысы жоқ. - Ал, сіздің атыңызды жамылып жүр деп есептемейсіз бе? - Ол мәселе - екінші мәселе. Мен ешқайсының алдына барып, сен жүрмейсің, сен бүйтпейсің деген нәрсені айтқан жоқпын.

Қысқасы, қайдан келгені, қалай жүргені белгісіз такси қызметін тиісті орындар тексермек. Ал тасымал үшін таласқа түскен тараздық жүргізушілер бұрынғысынша Жуалы ауданына жүруді жалғастыратын болды! Негізінде, бұл дау бұған дейін де бірнеше мәрте болыпты. Алайда осы жолғы олқылық автотасымалдау бойынша ауқымдысы болып отыр. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ