Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте ұлттық нақыштағы киімдерді паш еткен «Жібек жолы айшықтары» атты көрме өтті

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2014
  • 4881

Қазақтың ұлттық киімдері Наурызда немесе салтанатты шараларда ғана киетін киім болып қалмауы тиіс. Шымкентте ұлттық нақыштағы киімдерді паш еткендердің басты ұстанымы осы болды. «Жібек жолы айшықтары» атты көрмеде жергілікті дизайнерлер ұлтымыздың әдемі ою-өрнегін заманауи үлгімен ұштастыра отырып, көпшілікке ұсынды.

Қыздардың үстіндегі көйлектері түгелдей ұлттық нақышта. Бірін бірі қайталамайды. 20-ға жуық дизайнер қазақтың ұлттық киімі бүрмелі ұзын етек көйлек пен қызылды-жасылды  қамзолмен шектелмейтінін көрсетуге тырысқан. Мәселен мына үлгі қазақтың бағзы замандағы батыр қыздарының жаңартылған киімі.

Эльмира Биболат, студент:

Бұл пальтоны кигенде, біз ата-дәстүрімізді ұмытпаймыз және әдемі ою-өрнектермен жасалған болып табылады. Және сұлу, әдемі  көрінеді. 

Ал мынау күнделікті киюге арналған көйлектер. Той-жиынға жарқыратып киіп баруға да болады. Тіпті кеңсе қызметкерлерінің ресми киімдерінің өзі қазақтың ою-өрнегімен сабақтасып жатыр. 

Дизайнерлер алып келген ұлттық нақыштағы  киімдердің қай қайсысы да көз тартады. Бұл жерде алуан түрі бар. Мәселен, мына менің үстімдегі сырт киім күнделікті киюге арналған. Күзде және көктемде киюге өте ыңғайлы.

Авторлар қазақтың киім үлгісі Ұлыстың ұлы күнінде ғана сандықтан шығаратын киім болып қалмауы тиіс деп санайды.

Қалыйма Жантөреева, ісмер:

Мына түскен «үйрек мойын» қыздардың өте бір жіңішкелігін, нәзіктігін, биязылығын білдіреді. Ер азаматтарға түсетін «қошқар мүйіз» болса, ол, біріншіден, байлықты білдіреді. Баршылықты білдіреді.

Көрмені өткізудегі мақсат - ұлттық киім үлгілерін көпшілікке ұсыну арқылы заманауи киім  үлгісін жаңғырту дейді ұйымдастырушылар. Жарасымды тігілген үлгілерге қызықпаған адам жоқ.

Гүлмира Жанысбекова: 

Сол киімдерді мен өзім киер едім, шынымды айтсам. Маған өте  қатты  ұнады сол киімдер.

Көрмеге қатысушылар  өздерінің қолынан шыққан туындылары арқылы қазақтың ұлттық киім үлгісінің қатарын толықтыратынына сенімді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ