Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда тұңғыш рет қос тілде қойылым сахналанды

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2014
  • 2252

Қостанайда тұңғыш рет қос тілде қойылым сахналанды. Ұлы ағартушы - Ыбырай Алтынсарин жайындағы спектакль көпшілік көрерменнің көңілінен шықты.

Қазақтың тұңғыш ұстазы туралы туындыны алғаш рет Қостанайдағы орыс драма театры сахналады. Сахналық көрініс қазақ және орыс тілінде қатар өрбіді. Ұлы ағартушы, ғалым - Ыбырай Алтынсариннің өмірбаяны туралы спектакльде қазақ даласында «білім қоңырауын соққан» ұлағатты ұстаздың бейнесін қазақ театрының актері - Қонысбек Бегайдаров сомдады. Ал шығарманың авторы - жергілікті ақын, жазушы Ақылбек Шаяхмет.

Қонысбек Бегайдаров, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

Өзім әрі қуандым, әрі іштей толғана бастадым. Өйткені, қазақ актерының орыс театрында ойнауы дегенді естімеппін, кездестірмеппін. Өзімнің тарихымда мұндай болмапты. Мүмкін басқа театрларда болғанда шығар. Бірақ, енді спектакльдің екі тілде көрініс табуы - театр әлемі үшін үлкен жаңалық деп ойлаймын.

Ақылбек Шаяхмет, жазушы:

Меніңше, біз Ы.Алтынсаринді орыс тілінде насихаттау арқылы Қостанайда тұратын орыс тілді өзге ұлт өкілдеріне ғана емес, орыс тіліне басымдық танытып жүрген, орыс тілінде білім алып жүрген біздің қазақтардың да көзін ашуға сәлде болса септігі тисе, біздің еңбегіміздің ақталғаны, деп ойлаймын.

Заңғар САНАЙ