Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстанда 1 адам сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды

  • AstanaTV
  • 15 қазан 2014
  • 1521

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданының тұрғыны сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментінің мамандары қатерлі дерт ауру малдан жұқты деген жорамал жасап отыр. Өйткені, науқас әйел дәрігерлерге 30-шы қыркүйекте қой сойғанын, ертеңінде денесіне жара шыққанын айтқан. Ол 13-ші қазанда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлер оның денсаулығы оңалып қалды, дейді.

Аталған мекеме қызметкерлері Жәнібек ауданына аттанды. Сойылған малдың терісі сараптамаға жіберілгенімен, еті қалмаған. Әзірге аурудың белгілері ауылдың өзге тұрғындарынан табылған жоқ. Сондықтан, елді мекенде карантин жариялап, оқшаулау жұмыстарын жасауға ерте екенін айтты.

Марат Оңғарбеков, БҚО бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Тиісті шаралар қазір Жәнібек ауданының әкімшілігі мен біздің облыстық санэпидстанция қызметкерлерімен қазір жұмыстарын атқарып жатыр. Әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Мен ойлаймын, осы бүгін кешке дейін анықталатын болады.

Мамандар, сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды, тек ауру малды сойған кезде, оның қаны арқылы адамға жұғуы мүмкін, - дейді. 

Айта кетелік, аталған дерт соңғы рет Жәнібек ауданында 2011-жылы тіркелген болатын.

Еркін ҚАРИН