Русский Сайттың толық нұсқасы

Шайқалған шатыр - петропавлдықтардың жан айқайы

  • AstanaTV
  • 15 қазан 2014
  • 1410

Петропавлдағы Совет көшесінде орналасқан 23-үйдің тұрғындары өз баспаналарына кіріп-шығудан қорқады. Айтуларынша, үйдің әбден тозығы жеткен. Тіпті, 1969 жылы бой көтерген 7 пәтерлі баспана күні бүгінгі дейін бірде-бір жөндеу көрмепті. Ал жаңғырту жұмыстарын өткізуге қарашаның қалтасы көтермейді. Бұқара, билік тарапынан да көмектің жоқ екенін айтып, налиды. Айта кетейік, Қызылжарда дәл осындай 10 шақты үй бар.

Вот так вот мы и живем, оно все бежит. Какой дождик, оно все сюда.

Шайқалған шатыр - базыналы бұқараның жан айқайы. Шұрқ тесік төбеден жұрттың құты қашқан. Жаңбыр жауса болды, үй тұрғындары шелегі мен легенін тосып, тамшы аңдиды. Ал кіреберістің төбесі мүлдем қорқынышты. Кей пәтерлердің қабырғалары көгеріп кеткен.

Галина Сафарова:

Біз бұл үйге 1988 жылы көшіп келдік. Бастапқыда өте суық болды. Бірақ кейін орталықтандырылған жылу жүйесін қосқаннан кейін жағдайымыз оңалды. Қазір енді шатыр мәселесі мазалап бітті. Әркім өз пәтерін өзі жөндеп жатыр, ал кіреберістегі ортақ шатырға ақшамыз жетпейді.

Тұрғындардың айтуынша, үйдің ахуалы мүшкіл болса да, ол апатты деп танылмаған. Осыған байланысты пәтер кезегіне де тұруға мүмкін болмай отыр. Мәселені өз беттерінше шеше алмаған жұрт көмек сұрап, талай табалдырықты тоздырғандарын айтады. Бірақ әзір нәтиже жоқ.

София Сафарова:

Бұл үйдің шаруасымен жүргеніме 6 жыл болды. Әкімдіктегілер ананы істе, мынаны істе, деп сілтей береді. Бірақ, көңіл көншітетін нәтиже жоқ. Кіп-кішкентай үйімізді жөндей алмай қойды.

Зульфия Попова:

Қала әкімінің есебінде атқамінерлер бізге «тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағларламасына қатысып көріңдер, деді. Бірақ бізде 7-ақ пәтер. Бәлеңбай мың қаражатты біз төлей алмаймыз.

Ал әкімдіктегілер, үй апатты емес дегеннен танбай отыр. Таяуда арнайы кәсіпорын баспананы бастан-аяқ тексеріп, осындай шешімге келіпті.

Дәулет Қалиасқаров, «Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын-үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы:

Үй апатты емес, қаңқасы сау. Арнайы комиссияның шешімі бойынша, баспана күрделі жөндеуді қажет етеді. Петропавлда мұндай ондаған үйлер бар. Тұрғындардың пікірінше, бәрін бірдей қалалық әкімдік жөндеу керек. Қазір тағы бір кәсіпорын әлгі үйдің шатырын зерттейді. Оны жаңғыртуға қанша қаражат кететінін анықтайды. Әрмен қарай не болатынын комиссия шешімі белгілі болғаннан соң ғана білеміз.

Қысқасы, күрделі жөндеу жұмыстарына кететін ақшаны кім көтеретінін жергілікті атқарушы органдар да ашып айтпады. Ал, тұрғындарға комиссия тексеріп, шатыр жөнделгенше су аққан төбеден тамшы аңдып шелектерін тосуға тура келеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ