Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысы Рудный қаласында Виктория Ганяны өлтірген күдіктінің психологиялық саулығы расталды

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2014
  • 1498

Жеті жастағы Виктория Ганяны өлтірді деген күдікті жауапқа тартылуға қабілетті деп танылды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің департамент басшысы Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

Еске салайық, Виктория Ганя үстіміздегі жылы Рудный қаласында жоғалып кеткен-ді. Куәгерлер оны белгісіз ер адамның алып кеткенін хабарлаған болатын. Бейтаныс адам бейнекамераға да түсіп қалған. 23 мамырда қыз баланың денесі қала маңындағы тас жолдың шетіндегі құрылыстан табылды. Ал жеткіншек қызды жауыздықпен өлтірген 19 жасар азамат үш ай бұрын ұсталған еді.

Күдіктіге қатысты бірнеше кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама өткізілді. Нәтижесінде ол жауапқа тартылуға қабілетті екендігі анықталды және күдікті қылмыс жасағанын мойындап отыр, - деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігінің өкілі.

Нұрділдә Ораз, ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы:

Ол жауапқа тартылуға қабілетті деп танылды және аталған қылмысқа қатысы бар екендігін мойындады. Тергеу шараларына байланысты, күдіктіге қатысты ақпарат айтылмайды. Бірақ, Ішкі істер министрлігі тарапынан тергеу амалдарының тезірек аяқталып, материалдың сотқа жіберілуі үшін барлық шаралар қолданылып жатыр.

Заңғар САНАЙ