Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда қарызы бар нысандар жылудан ажыратылуда

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2014
  • 1158

Орал қаласында жылу ақысын төлемеген көп қабатты үйлер де жылудан қағылды. Бүгінде осындай 12 үй жылудан ажыратылған. Борышкерлердің кесірінен жылу беруші мекеме газ жеткізушілерге 270 миллион теңге берешек болып шыққан.

Өкінішке орай, жылудан ажыратылған үйлердің көбінде пәтер иелері кооперативі немесе жауапты адамдары жоқ. Ал жыл сайын осындай жанашыры жоқ 15-20 үй иесіз қалып отыр. Қарызын қайтаруға асықпайтындарға амалы таусылған жылу кәсіпорны жаңа бастама көтерді. Яғни, мекеме жылуға берешегі көп азаматтарды сотқа береді.

Сот шешіміне сай, борышкердің үйі тартып алынып, бәссаудаға шығарылады. Осы қаржыдан жылуға берешегі шегеріліп, қалған қаржы үй иесіне қайтарылады. Мұндай бастама көтерген жылу берушілер бұл істі заңды тұрғыдан бекіту үшін депутаттарға ұсыныс тастамақ. Сонда ғана кесірлі борышкерлерге сабақ боларына сенеді. Ал күні бүгін қаладағы 1 мың 163 үйдің 1 мың 9-ына жылу беріліпті.

Вячеслав Солодилов, «Жайықжылуқуат» АҚ өнім өткізу жөніндегі директоры:

Дайындық құжаты жоқ үйлер жылуға өздері қосылып алыпты. Күні кеше осы 12 үйді жылу көзінен айырдық. Олардың берешегі жарты миллионға жуықтайды. Егер тұрғындар үйішілік жылу желісін тазалап, ретке келтірсе, дайындық құжатын ала алады. Осы жұмыстардан кейін бұл үйлерге жылу беріле бастайды.

Еркін ҚАРИН