Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
Миландағы «Азия-Еуропа» форумының 10-саммиті аясында Германияның Федералдық
канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Тараптар
сауда-экономика, инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту
жайын талқылады. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде сондай-ақ
өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері сөз болды.
Айта кетейік, Италияның Милан
қаласында «Азия-Еуропа» форумының 10-саммиті отуде. Оның жұмысына Қазақстан Президенті де қатысуда. Елбасы
алқалы жиында «Қазақстан ұсынған «G-GLOBAL» бастамасы экономика және қаржы
саласындағы халықаралық әрекеттерді үйлестірудің платформасына айналуы мүмкін»
екенін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Азия мен Еуропаға өзара ықпалдастықтың мүлде
жаңа негізін қалау қажет болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан «Азия-Еуропа» форумының толыққанды мүшесі ретінде
диалог пен ынтымақтастықты дамытуға жан-жақты көмек көрсетуге әзір екенін
мәлімдеді.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА