Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысы Төретам кентіндегі халық қаржысына тұрғызылған батыр ескерткіші көшірілмек

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2014
  • 4004

Қызылорда облысы Төретам кентінің тұрғындары жергілікті биліктің шешіміне наразы. Осыдан төрт жыл бұрын вокзал маңындағы алаңға орнатылған Жанқожа батырдын мүсінін шенеуніктер мектеп мұражайына көшірмек. Бұл шешім халықтың ызасын келтірді. Айта кету керек, бұл жағдай өңірде Жанқожа батырдың 240 жылдық мерейтойын тойлап жатқан кезде туып отыр.

Батырдың мүсіні мен екі қапталындағы арыстандар композициясын орнатуға үшін кезінде қаражатты төретамдықтардың өздері ел болып жинаған еді. Айтуларынша, халықтың арасынан шыққан топ белсенділері, батыр атындағы көше бойынан тағзым аллеясына жер телімін бекіткен. Сөйтіп, 2010 жылы ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Оған шенді-шекпенділер де қатысқан деп еске алады тұрғындар.

Шакен Балжаев, Төретам кентінің тұрғыны:

Осы жерді алдық, алты сотық. Ана жерге соғыс ардагерлерін қоямыз, мына жерге Жанқожаны қоямыз деп. Ауданның әкімі, арғы жағы Қызылорда, мына жақ Арал, екі жақтың әкімдерін, басшыларын шақырып, осында ашылу рәсімі болды. Облыстан келді басшылар. Осы жақсы істепсіздер, рахмет сіздерге деп.

Содан бері бұл орынға тағзым етіп келушілер үзілмепті. Тарихшылардың дерегінше, Сырдария бойында 18-19 ғасырларда өмір сүрген қазақтар Қоқан басқыншыларынан азап көрген. Сол кезде Жанқожа батыр езілген қара халықтың еңсесін көтеріп, шапқыншылыққа қарсы ерлердің басын қосып, жауға қарсы тұрған. Оның ерлігін үрім-бұтағы әлі күнге жыр қылып айтады. «Енді батыр мүсінін мектеп мұражайына қою», - елдігімізге сын дейді ауыл халқы.

Төлеп Наурызәлиев, Төретам кентінің тұрғыны:

Қанша халықтың күшімен қойылған ескерткішті орнынан аламыз, басқа бір нәрсе қоямыз, оның керегі жоқ деген әңгімелер шығып жатыр. Осы жердің әкімімен сөйлестік, ол нұсқау келді, алу керек деген әңгіме айтты. Халықтың барлығы мұны алуға қарсы.

Шәкен Балжаев, Төретам кентінің тұрғыны:

Биыл аудан әкімі шешім шығарды: мынау стандартқа жатпайды, бұз деп жатыр. А ол қалай, шарығам-ау? Біз салғанда ешқандай стандарт жоқ, енді келіп бұны бұзамыз дейді, біз бұған қарсымыз, айналайын.

Аудан әкімінің жазбаша түрде бекітілген нұсқауын Төретам әкімі бізге көрсете алмады. Кент басшысының қолында, аудан әкімінің 2009 жылдағы Тағзым аллеясын салу жөніндегі шешімі ғана бар. Ол құжатта батыр ескерткіші жайлы бір сөз де айтылмағанын алға тартты. Демек, ескерткіш заңсыз орнатылған болып саналады деді.

Мырзабек Демесінов, Төретам кентінің әкімі:

Қолымда шешім тұр. 20.12.2009 жыл, Тағзым саяжолы аллеясын салу үшін жер бөлу керек. Саяжол аллеясында кім тұрады, кім қояды - әрі қарай құжат жоқ ешқандай. Сондықтан бізге облыстан келетін осындай ескерткіштерді тексеретін, осындай ескерткішті жылжыту туралы тапсырма берген. Біз мұражай ашу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз қазір. Ойымыз сол мұражайдын төрінде тұрса деген.

Батырдың есімі берілген мектепте мұражайға арнап тіпті орын да дайын тұр. Десе де жұрт тағзым алаңындағы Жанқожа бабалардың ескерткішін алып тастауға қарсы. Ол орнында қалсын дейді. Жұрт ендігі шешімді аудан әкімінен күтеді. Айта кетейік, кеше ғана батыр мерейтойына орай, еңселі ескерткіш облыс орталығында бой көтерген болатын. Оған қаражат облыс бюджетінен бөлінген.

Шарипа САҚТАПОВА