Қылмыстық атқару
жүйесінің қызметкерлері енді бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілетін
болды. Бұл туралы Ішкі істер министрі
Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. Мәжілістегі Үкімет сағатында қылмыстық атқару
жүйесін дамытуға қатысты есеп берген министр аталған жүйенің жұмысын
автоматтандыру жобасына тоқталды. Айтуынша, Үкімет 2014-15 жылдарға арнап бұл
жобаға 615 миллион теңге қаржы бөлген. Осының арқасында сотталғандар мен тергеу
абақтысындағы адамдардың жүріс-тұрысын бақылау онлайн режимінде жүргізілмек.
Сондай-ақ жазасын өтеушіні бір
колониядан екіншісіне ауыстыру, оларды мерзімінен бұрын босатудың
заңдылығын қадағалауға да мүмкіндік
туады. Жоба аясында қылмыстық атқару
жүйесінде қызмет ететін 1,5 мыңдай адамның жұмысы автоматтандырылады. «Бүгінде
ақпараттық жүйелерді басқаратын орталық, арнайы есепке алу бөлімшелері, тергеу
абақтылары мен колониялар әзірленуде», - деді Қалмұханбет Қасымов.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі
істер министрі:
Автоматтандырылған ақпараттық
жүйені келесі жылы іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл колониялардағы тәртіпті онлайн режимде
бақылауға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, жүйе сыбайлас жемқорлықтың
алдын алуға, қылмыстық атқару жүйесі қызметінде ашықтықты қамтамасыз етуге оң
ықпал етпек.
Сондай-ақ жаңа қылмыстық атқару
нормаларының енгізілуіне байланысты елімізде «қамау үйлерін» салу қолға алынып
жатыр. Министрлік әзірге осындай үш үйді салуға қажетті жобалық-сметалық
құжаттарды дайындамақ. Олар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасады.
Еліміз бойынша 30-ға тарта «қамау үйлерін» салу жоспарланып отыр.
Теңізжан Жәнібеков, ҚР ІІМ
қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:
Қылмыстық кодексте 2017 жылдан
бастап «үй қамақ» жаза ретінде тағайындалады. Оған қазіргі таңда қаржы бөлініп
жатыр. 29 «үй қамағы», «приёмниктер» салына бастайды 2017 жылдан бастап. Қазір
қаржы сметалық жобаға бөлінген. Салынуына байланысты ол жаза түрі орындала
бастайды.
Жұрағат БАМАН