Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы қорықтан 3 қыран құс табиғат аясына жіберілді

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2014
  • 1780

Бүркіттердің бостандығы. Алматыдағы арнайы қорықтан 3 қыран құс табиғат аясына жіберілді. Балапан кезінен темір торда өскен дала құстарын қорық қызметкерлері зоология институтының мамандарына табыстаған. Бұл - қорықта өсіріліп, артынан табиғатқа ұшырылған алғашқы жабайы құстар емес. Өткен жылдың өзінде 7 бүркіт өңірдегі тау-шатқалдарға жіберілді. Зоология институты мен қорық қызметкерлері бүркіттердің санын көбейтуге ниетті. Құстардың ұрпақ өрбітуін қайта қалпына келтіру үшін екі әдіс қолдануда. Біріншісі - ұясында бір балапаны бар бүркіттерге қосымша балапан қондыру, екіншісі - жабайы табиғатқа бейімделген 1 жастан асқан бүркіттерді бостандыққа жіберу.

Ашот Анзоров, жыртқыш құстар қорығының директоры:

Табиғатқа жіберілетін құстарды арнайы жаттықтырамыз, адамдардан алшақ өсіреміз. Қанаттары қатаю үшін таудың басында кең торларда ұстаймыз. Олар жабайы табиғатта өз азығын таба алу керек. Сол үшін, тірі ұсақ жануарлармен қоректендіреміз. Көбінесе егеу құйрықтар мен көжектер береміз.

Зоология институты мамандарының айтуынша, елімізде бүркіттердің шамамен 650-дей жұбы қалған. Олардың санының азайып кетуіне адамдар да себепкер болып жатады. Бүркіттердің табиғи мекендеріне тұрғындардың жақын қоныстануы жиі кездесуде. Бұл - қыран құстардың басқа аймақтарға ауып кетуіне себеп.

Б.ХАСЕНОВ