Русский Сайттың толық нұсқасы

Білім және ғылым экс-вице-министрі Саят Шаяхметовтің ісіне қатысты ши шықты

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2014
  • 1262

Білім және ғылым экс-вице-министрі Саят Шаяхметовтің ісіне қатысты ши шықты. Айыпталушылардың адвокаттары бір мәмілеге келер емес. Астана қалалық сотында қылмыстық істі қосымша тергеуге жіберуге қатысты жеке өтініштер тыңдалды. Мемлекеттік айыптаушы мен қамауда отырған Александр Пак пен Роман Киреевтердің қорғаушылары сот шешіміне наразы. Олардың пікірінше, істі қосымша тергеуге жіберуге негіз жоқ. Сондай-ақ қос адвокат қорғалушыларына қатысты «қамау» тәртібін «кепілге босату» тәртібіне ауыстыруды сұрап отыр.

Еске салсақ, Александр Пак пен Роман Киреев 2013 жылдың көктемінен бері қамауда отыр. Экс-шенеунік Шаяхметов үй қамақта, ал құрылыс компаниясының өкілі Алексей Тутубалиннен  ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынған. Айта кетейік, Алматы аудандық соты Саят Шаяхметовтің адвокатының өтінішінен кейін істі қосымша тергеуге жіберу жөнінде шешім қабылдаған. Ал өзге адвокаттар істің ұзаққа созылғанын қаламайтын сыңайлы.

Альбина Ким, айыпталушы Роман Киреевтің адвокаты:

Біздің қорғалушыларымыз қамауда отыр, процесс тым ұзаққа созылды деп ойлаймыз. Қамалғалы бері бір жарым жыл өтті. Қосымша тергеуге тағы уақыт керек. Бірақ, менің ойымша, оған еш негіз жоқ. Нысанның толық салынып біткені жайында өз тарапымыздан сарапшы маман Бондареваның қорытындысын ұсындық. Енді тек қана мемлекетке келтірілген зиянның көлемін анықтау үшін, қайталап кешенді зерттеу жүргізу ғана қалды.

Еске салайық, Шаяхметов, Киреев, Пак және Тутубалин Өскемен қаласындағы 700 орындық білім мекемесін салу кезінде мемлекет қаражатын жымқырды деген айыппен өткен жылдың сәуірінде сотқа тартылған. Адвокаттардың бүгін айтқан жеке шағымдары мен істі қосымша тергеуге жіберуге қатысты шешім ертең белгілі болады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ