Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық «Барыс» Санкт-Петербор қаласының «СКА» клубына қонаққа барады

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2014
  • 1085

Бүгін Құрлықтық хоккей лигасының кезекті тур ойындары өтеді. Елордалық «Барыс» Санкт-Петербор қаласының «СКА» клубына қонаққа барады. Биылғы маусымда қарқыны мықты ресейлік ұжым бұған дейін өткізген 19 кездесудің 18-інде жеңіске жетті. Спорт жаңалықтарын Самат Қанағатов жалғастырады.

Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезең ойындары жанданды. «Ф» тобында сынға түсіп жатқан Испанияның «Барселона» командасы бұл турда Голландияның «Аякс» клубын қабылдайды. Осы жекпе-жек алдында Луис Энрикенің шәкірттері «Пари Сен Жермен» командасына есе жіберді. Кездесудің маңыздылығын түсінетін каталондық клуб жеңіс үшін аянып қалмайтыны анық. Алаң иелері сапында жартылай қорғаушы Серджио Бускетс жарақатынан толық айыққан жоқ. Сондықтан оның кездесуге қатысуы әзірге белгісіз.

Луис Энрике, «Барселона» клубының бас бапкері:

Топтық кезеңде екі ойын өткізіп, біреуінде ұтылып, екіншісінде жеңіске жеттік. Егер бүгін үш ұпайды олжаласақ, келесі айналым мәселесі шешіледі. Сондықтан футболшылар өздеріне жүктелген тапсырманы орындайды деп есептеймін.

Бұл топтағы келесі ойында Францияның «Пари Сен Жермен» командасы Кипрдің «Апоэл» клубына қонаққа барады.



Теннистен әйелдер арасындағы қорытынды турнир басталды. Сингапурде өтіп жатқан жарыстың алғашқы кездесуінде Румыния спортшысы Симона Халеп Канада теннисшісі Эжени Бушармен ракетка түйістірді. Кездесу басынан бірқалыпты өнер көрсетіп, қателікке бой алдырмаған Халеп қатарынан екі сетте үздік шықты. Қорытынды есеп 6-2, 6-3. Келесі ойында АҚШ теннисшісі Серена Уильямс  сербиялық Ана Ивановичтің алдын орап кетті. 

Самат ҚАНАҒАТОВ