Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордадағы кейбір жолдарда батпақтан адам да, көлік те жүре алмайды

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2014
  • 2083

Астанада бір жағынан әкім ауысып,екінші жағынан ЭКСПО-ға әзірлік қызып жатқанда, бас шаһардағы Жанкент көшесінің тұрғындары өзге мәселеге бас қатыруға мәжбүр. Олардың батпаққа белшеден батып жүргеніне 2 айдан асты. Жарты шақырымдық жолды жөндеу жұмыстары тым созылып кеткендіктен, жер асты суы көтеріліп, көшені лай-шалшық басқан. Жаңбыр жауса,  бұл маңда жаяу адамның аттап басуы тіпті мүмкін емес. Көліктердің де қозғалуы қиын, тұрғындар қыс отынын кіргізе алмай дағдарып отыр. Ал әкімдіктегілер жолдың аяқталмаған бөлігіне асфальт тек келесі жылы төселеді дейді. Тоғжан Жалғасбекқызы тұрғындардың шарасыз халін көзбен көріп қайтты.

Вот так мы ходим. Звоним, звоним на все номера. Нам никто не хочет помочь. Звоним в акимат, нас отпихивают.

Жанкент көшесінде құрылыс  бір жыл бұрын басталған. Осы уақытқа дейін көшенің 500 метріне асфальт төселді. Ал қалған 400 метрі жоба бойынша қыркүйектің соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда  жаз ортасында басталған жұмыс жырға айналды. Тұрғындарға  қарама-қарсы тұратын көршісіне барудың өзі мұң. Ал жұмысқа асыққандар  асфальт жолға шыққанша, аяқ киімдері лай болмауы үшін, түрлі амалдар жасауға мәжбүр.

Нейля Нагибина, Жанкент көшесінің тұрғыны:

Вчера шла женщина, упал ребенок, 3 года.

Забира Қырғызбайқызы, Жанкент көшесінің тұрғыны:

Жұмысқа кететін болсақ, пакетик киіп аламыз аяғымызға. Ана жерге тастаймыз, кешке солай келеміз. Ал жаңбыр жауғанда, құлап жатамыз.

Айтбала Жақыпова, Жанкент көшесінің тұрғыны:

Көшеден ана жаққа бір көл сияқты өте алмаймыз. Үйге машиналар келе алмайды. Жаяу жүре алмаймыз, осылай отырмыз. Балаларды больницаға апара алмай жатырмыз, немереміз ауырып. Көмір үйге кіргізе алмай, тоңып жатырмыз. Бүкіл бала-шаға ауырып.

Жанкент көшесінің тағы тұрғыны Валентина Садохина «құрылысшылар жолды көшенің аласа жағынан жоғары қарай  салуда. Керісінше, биіктен төменге қарай құрылыс жүргізсе, су  өзі-ақ ығысып, ағып кетер еді»,- дейді. Алайда, құрылысшылардың уәжі басқа. Айтуларынша, жер асты сулары тез көтеріледі. Сондықтан оны тартып, үлгермей жатқан көрінеді. Жауын-шашын тағы бар. Әрі тұрғындардың өздері де сұйық қалдықтарды осы сайға құятынын да жайып салды.

Армэн Аветисян, мердігер компания өкілі:

Жоғары жақтағы үйлер көшеге тіке шығатын шланг тартып қойған. Күніне 2-3 тонна су көшеге кетіп жатыр. Біз әрқайсына түсіндіріп шаршадық. Қалдық сулар кеуіп үлгермейді. Біз қазір құрылысты өз қаржымызға жасап жатырмыз. Әлі күнге қаржыландыру жоқ.

Мердігердің бұл айтқаны шындыққа жанаса ма, осыны қалалық әкімдіктен анықтамақ болдық. Жауапты азаматтардың айтуынша, жол жөндеуге жергілікті бюджеттен әлі қаражат бөлінбегені рас екен. Сондықтан олар да мердігерді асықтыра алмайтынын айтты.

Дархан Сүлейменов, Астана қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Мердігер ұйым бұл жолды қазіргі таңда өзінің қаржысына салып жатыр. Өйткені қаражат бөлінбегендіктен. Нөсерлі кәріз жоба бойынша салынған. Бірақ Обаған көшесі мен Талғар көшесінің аралығы салынған жоқ, үлгермеді. Сол себепті ол қазір жұмыс істемейтін жағдайда тұр. Келесі жылы Талғар көшесіне қосылғаннан кейін, аталған кәріз жұмыс істейтін болады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, батпақты  болдырмаудың барлық амалы қарастырылып жатыр. Мердігер компания қараша айының ортасына дейін көшеге қиыршық тас төсеп беруге уәде еткен. Ал жолдың қалған бөлігіне асфальт төсеу  тек  келесі жылы аяқталады. Оған дейін, тұрғындардың сабыр сақтап күтуден басқа шарасы жоқ. Айтпақшы, түсірілім аяқталған соң, көлігіміз батпаққа батып, өзіміз де жұмысымызға әрең жеттік.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ