Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Швейцариядағы халықаралық турнирдің екінші кезеңіне шықты

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2014
  • 1368

Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Швейцарияның Базель қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші кезеңіне шықты. Дәрежелі жарыстың бірінші айналымында Ресей спортшысымен кездескен отандасымыз екі сетте жеңіске жетті. Енді жерлесіміз Латвия теннисшісі Эрнест Гулбиспен өзара мықтыны анықтайды. 



Сингапур мемлекетінде теннистен әйелдер арасында қорытынды жарыс жалғасуда. Аталған турнирдің бас жүлдесінен дәмелі АҚШ спортшысы Серена Уильямс күтпеген жерден сүрінді. Бұл сында Румыния спортшысы Симона Халеппен ракетка түйістірген кіші Уильямс ойсырай ұтылды. Кездесу барысында АҚШ спортшысы небәрі екі геймде ғана басым түсті. Қалған уақытта қарқыны мықты Халеп қарсыласының бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. Есеп 6-0,6-2. Шынын айта керек, кездесу басында дәл осындай есеп таблода болады деп ешкім күткен жоқ. Соңғы жылдары қарсылас шақ келтірмей жүрген Серена Уильямстың алдын орап кету біраз спортшылар үшін бас қатырар мәселе болды. Бұл ойын қортындысын сенсация деп айтуға толық негіз бар. Осы уақытқа дейін «Үлкен Шлем» жарыстарында 18 мәрте топ жарып, қазір әлем рейтингінің көшін бастап тұрған Уильямс үшін бұл өте ауыр соққы болды.

Соңғы рет мұндай есеп осыдан 16 жыл бұрын тіркелген. Оклахома қаласында өткен жарыста 16 жасар АҚШ спортшысы Оңтүстік Африка мемлекетінен келген Йоанетте Крюгерге екі сетте 6-1,6-1 есебімен ұтылды. Бірақ Америка спортшысының жас ерекшелігін ескере отырып, бұл нәтижеге ешкім мән бермеген.

Ал қазір атының өзінен үрейленетін кейбір теннисшілер кездесу басталмай жатып, психологиялық тұрғыда ұтылып жатқаны баршаға мәлім. Дегенмен, дәл осы нәтиже Серена Уильямстың спорттық карьерасындағы қаралы күндердің бірі болатыны сөзсіз. Бүгін АҚШ теннисшісі топтық кезеңдегі соңғы кездесуінде Канада спортшысы Эжени Бушармен кортқа шығады. Әлемдік БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер назары дәл осы кездесуге түсетіні айдын анық. 

Самат ҚАНАҒАТОВ