Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде жаппай адам өлімі үшін күдікті қылмысын мойындады

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2014
  • 1372

Павлодарда қанды оқиғаға қатысты «Қасақана адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кереку жұртын дүр сілкіндірген оқиғаға күдікті деп танылған ауруханадағы азамат тергеу барысында жазасын мойындап, түсініктеме берді. Ол... өз бауырларын қырып салған... Бүгін облыстық ішкі істер департаменті болған жайтқа қатысты ақпарат таратты.

Қаза тапқандардың бәрі 1980 жылы туған күдікті Ермұрат Иманқұловтың туғандары болып шықты. Нақтырақ айтсақ, ол өз қолымен әйелі мен баласын, туған апасы мен оның қызын, туған ағасын өлтірген. Қанішер бұл қылмысқа материалдық жағдайдың қиындығынан барғанын айтқан. Жалдамалы пәтерден табылған мәйіттерді қарап шыққан дәрігерлер, марқұмдардың бір тәулік бұрын қаза тапқанын анықтап отыр. Яғни күдікті құрбандарын жайратып салған соң, пәтерден шықпаған. «Ал өзін ел есікті аша алмай әуре болып жатқанда жарақаттаған»,- дейді тергеу органдары өкілдері. Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің басшысы «отбасы қарапайым және ішімдікке үйір болмағандығын» алға тартты. Айтуынша, күдіктіден басқалары жұмыс істеген.

Марат Қожаев, Павлодар облыстық ІІД басшысы:

Жұмыссыз қалып, қиындық жағдайға түскен соң, өзінің жанұясының, туыстарының қиындық мәселесін осындай жолмен шештім деп істедім дейді. Больницаға түскен кезде күдікті Иманқұлов Ермұрат мас болған. Оны дәрігерлер анықтап отыр.

Құзырлы органның дерегінше, күдікті Ермұрат Иманқұлов бұрын әскери қызметкер болған. Ол жеті жылдай Ұлттық гвардияда қызмет етіп, тек 2013 жылғы аттестациядан сүрінген. Содан бері жұмыссыз. Полицейлер бүгінде оның қандай да бір қарызы немесе несиесі бар-жоғын анықтап жатқандығын айтты. Дәрігерлер күдіктінің жағдайы жақсарды дейді. Жедел-жәрдеммен жеткізілісімен, оған шұғыл ота жасалыпты.

Марат Қабылбаев, Павлодар қалалық №1 аурухананың хирургия бөлімі меңгерушісі міндетін атқарушы:

Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақтанды. Өміріне еш қауіп жоқ. Сондықтан да профильдік бөлімшеге ауыстырылады. Ол есін жиді. Бәрін жақсы білетін хәлде қазір.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ