Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшысы бұған дейін де істі болған

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2014
  • 1300

Қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен тұтқындалған генерал Нұрлан Жоламановтың ісі бойынша жаңа дерек жарияланып жатыр. Шекара қызметінің директоры биыл сәуірде жауапқа тартылып, ақталған екен. Ол «жала жабу» фактісі бойынша сотқа тартылған, деп жазады «ҚазТаг» агенттігі.

Қылмыстық істің қозғалуына генерал-лейтенант Жоламанов пен Шекара қызметінің бас басқарма басшысы Серік Бекжановтың шекара бақылауының 20/30 әскери бөлімше басшысы Бауыржан Исинге «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп берген мінездемесі негіз болыпты. Әскери бөлімше басшысы Жоламанов пен Бекжановты «жала жапты» деп сотқа берген көрінеді. Алайда Ақмола гарнизонының әскери соты Жоламановтың іс-әрекетінен қылмыс негізі анықталмаған соң, ақтаған. Енді «қызметін асыра пайдаланды» деген айып Нұрлан Жоламановтың өзіне тағылып отыр.

Еске салайық, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенсек, Жоламановқа қатысты қылмыстық іс, «лауазымды тұлғалар тарапынан қызмет бабын асыра пайдалану» фактілері бойынша жүргізген тексеріс барысында қозғалған. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Іс Бас әскери прокуратураның бақылауында.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ