Русский Сайттың толық нұсқасы

Кез-келген мемлекеттің азаматы Қазақстан аумағында 30 күннен астам тіркеусіз жүрмеуі тиіс

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2014
  • 1674

Кез-келген мемлекеттің азаматы Қазақстан аумағында 30 күннен астам тіркеусіз жүрмеуі тиіс. Бүгін «Қазақстан және Ресей азаматтарының екі ел аумағында жүріп-тұру тәртібі туралы» Заң жобасын талқылау кезінде Сенат депутаты Икрам Әдірбеков осындай алаңдаушылық білдірді. Ал Ішкі істер министрі сепаратистік пиғылдағылар әрекеті бақылауда дейді.

Икрам Әдірбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Украинадағы қалыптасқан жағдайға байланысты, үстіміздегі жылы маусым айында Парламентте қаралу барысында мына Қылмыстық кодекске жаңадан өте орынды 180-баб қосымша енгізілген болатын. Мақсат - сепаратистік әрекеттерге жол бермеу, тосқауыл қою, ал сепаратистерді заң жолымен тиісті жазаға тарту. Мына Шығыс Қазақстанға қазір көрші елдерден келіп-кетушілердің саны көбейген. Міне, осындай күрделі кезеңде, жағдайда кез-келген көрші ел азаматының 30 күн ешқандай жерде тіркеусіз болуы біздің ұлттық қауіпсіздікке, ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтірмей ме?

Өз ретінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов азаматтардың уақытша тұрақтауы туралы құжатқа Астана мен Мәскеу екі жыл бұрын қол қойғанын айтты. Құжат сол кезден бастап күшіне енген. Алайда келісімді мемлекеттік тілге аудару процесі созылып кеткендіктен, құжат Қазақстанда іс жүзінде күшіне енбеген көрінеді. Ал Ресей азаматтары тарапынан сепаратизмге үгіттеу мен арандатушылық әрекеттердің орын алу мүмкіндігіне қатысты министр: «Жағдай бақылауда», - деп жауап берді.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Биыл бізге 3 миллион 435 Ресей азаматтары кірді. Мына 9 айдың ішінде. Соның ішінде 4 пайызы мына регистрацияға түспей жатыр. Қылмыстық жағынан биыл мына 9 жарым ай ішінде 288 адам қылмыс істеді ресейлік азаматтардың. Былтыр 581. Ол да төмендеді. Біз жағынан, мынау Ұлттық комитет жағынан бақылау жасаймыз, әрине.

Жұрағат БАМАН