Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналған республикалық айтыс өтті

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2014
  • 1538

«Шырайлы, шежірелі құтты мекен». Осылай деп туған өлкені жырға қосқан республикалық ақындар айтысының керуені Шымкентке жетті. Демалыс күндері Оңтүстіктегі өнер сүйер қауым аламан айтыстың куәгері болды.

Аламан айтыс «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналды. Сөз сайысын оңтүстік қазақстандық Біржан Байтуов пен батыс өңірінен келген жүйрік ақын Талғат Мықи бастады. Бұдан бөлек Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов сынды айтулы он ақын өзара сынға түсті. Айтыстың бас жүлдесі 2 млн теңге. Ал қатысушылардың әрқайсысы 500 мың теңгеден сыйақы алды.

Айта кетейік, өткен жылы билік партиясының қолдауымен Тәуелсіздік күніне орай өткізілген жыр додасы биыл сегіз облыста жалғасын тапты. «Бұл - «Нұр Отан» партиясының сөзді іспен дәлелдеуінің басты көрінісі. Партияның жаңа саяси доктринасының басым бағыттарының бірі - ұлттық құндылықтарды, мәдениетіміз бен тарихымызды қолдау болып табылады. Айтыс соның бір парасы», - деді ұйымдастырушылар.

Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Мұндағы негізгі мақсат - ақындардың аузы арқылы халық мүддесін, халықтың ойын билікке, «Нұр Отан»-ға жеткізу. Бұның керемет тағы бір жағдайы орталықта өткен барлық айтысқа «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзі қатысып, сол жерде біраз депутаттар, министрліктің азаматтары қатысып, сол жердегі ақындардың аузымен көтерілген талай нәрселер қазір «Нұр Отан» партиясының іс-шараларында қозғалып, қаралып жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ