Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» баскетбол командасы «Нижний Новгород» клубынан жеңілді

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2014
  • 1148

«Астана» баскетбол командасы сырт алаңда жеңіліс тапты. Біртұтас лиганың кезекті турында «Нижний Новгород» клубына қонаққа барған Александр Трифуновичтің шәкірттері 95-88 есебімен есе жіберді. Спорт жаңалықтарын Самат Қанағатов жалғастырады.

Футболдан Германия чемпионатының орталық кездесуінде «Бавария» және Дортмунд қаласының «Боруссия» командалары өзара мықтыны анықтады.Соңғы 9 кездесудің алтауында ұтылып, турнир кестесінің көш соңына түсіп қалған «Боруссия» командасы үшін бұл ойында ұпай ауадай қажет еді. Осы жәйтті ескере отырып, үлкен күшпен алға ұмтылған қонақтар бірінші таймның ортасына қарай есеп ашты. Әріптесінің пасынан кейін баспен тура соққы жасаған Марко Ройс мүлт кетпеді.

Дегенмен, өз жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысқан алаң иелері үзілістен кейін таразы басын теңестірді. «Боруссия» командасы қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланған Роберт Левандовский командаластарының қошеметіне бөленді.

Бұл голдан кейін шабыттанған Хосеп Гвардиолланың шәкірттері кездесу аяғына қарай есепті еселеді. Бұл жолы пенальтиді сәтті орындаған Арьен Роббен команда қоржынына үш ұпайды салып берді.



Сербия теннисшісі Новак Джокович Франция астанасы Париж қаласында аяқталған «Мастерс» турнирінің жеңімпазы атанды. Ақтық сында әлемнің бірінші ракеткасы Канада спортшысы Милош Раоничпен кортқа шықты. Кездесу басынан бірқалыпты өнер көрсетіп, тура соққылармен ерекшеленген Джокович бірінші сетте 6-2 есебімен басым түсті.

Үзілістен кейінде алған бетінен қайтпаған сербиялық ұпай санын арттырды. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Милош Раонич ақыры жеңілісін мойындады. Бұл жетістігінен кейін Новак Джокович Париж қаласында өтетін «Мастерс» турнирінің үш дүркін жеңімпазы атанды.

Самат ҚАНАҒАТОВ