Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда тұрмыстық газ баллоны жарылып, 2 бірдей отбасы жапа шекті

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2014
  • 1272

Қарағандыда тұрмыстық газ баллоны жарылып, 2 бірдей отбасы жапа шекті. Қабырғалары жапсарлас салынған қос үйдің орнында тек үйінді қалған. Қазір бір отбасының мүшелері түгелдей аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Ал екінші үйдің тұрғындары далада қалды.

Жарылыс демалыс күні кешкі сағат 7-лер шамасында болған. Көршілердің айтуынша, үй иесі 3 келілік сығымдалған газ баллонын пеш үстіне қойып жылытпақ болады. Салдарынан екі бірдей үйдің күлі көкке ұшты.

Қаламқас Кенжебаева, жапа шеккен тұрғын:

Тарс ете қалды бірдеңе. Қарасам, диван былай қарай жылжып келеді. Баламды алдым да далаға жүгіріп шықтым. Жарық өшті де қалды.

Жалғыз басты ана Қаламқас Кенжебаева енді 4 баласымен қайда барарын білмей дал. Шаңырағы ортасына түскен үйінде не жарық, не су жоқ. Ал оқыс оқиғаға себепкер болған отбасының адамдары қазір ауруханада жатыр. 46 жастағы азамат пен оның азаматтық некедегі әйелінің жағдайын дәрігерлер ауыр деп отыр.

Берік Төлеубаев, Қарағанды облыстық травматология және ортопедия орталығы директорының орынбасары:

Әйел адамды 80%, ер адамды 50% күйік шалған. Жағдайлары өте ауыр. Әзірге бірдеңе айту қиын.

Айжан Қуаш, тілші:

Жедел жәрдем дәрігерлері мен құтқарушылар күйік шалған әйелді үйінді астынан әрең шығарып алғанын айтады. Қақаған суықта далада қалған жалғыз басты ана биліктен көмек сұрап отыр. Әкімдіктегілер уақытша тұратын орын қарастырамыз деп уәде еткен. Алайда оның қашан орындалары белгісіз.

Айжан ҚУАШ