Русский Сайттың толық нұсқасы

Су тасқынынан зардап шексе де, үйсіз жүрген отбасылар...

  • AstanaTV
  • 16 қаңтар 2016
  • 2103

Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Гагарин ауылында былтырғы жойқын су апатынын кейін әлі күнге үйсіз жүрген екі отбасы бар. Тұрған үйлерінің құжаттары дұрыс болмай, тізімге ене алмаған. Микаиловтар отбасы мәселен, 15 шақырым жаяу жүріп, ауылына барады, қалған малына қарау үшін. Оларға билік баспананы Теміртаудан жалдап берген...

Өңірдегі меншікті тілшіміз Айжан Қуаштың арнайы репортажы.

Гагарин ауылының тұрғыны Эльхан Микаилов үйін 2014 жылы салған. Бірақ, заңды құқығын халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеп үлгермеген. 3 айдан кейін кенеттен келген тасқын баспанасы мен қора-қопсысын шайып кетті. Жүзден астам малы қырылды. Отбасы әлі күнге дейін үй-күйсіз жүр. Өтемақы да ала алмаған. Содан бері Эльханның ұлдары моншада тұруға мәжбүр. 

Нұрлан Микаилов, Гагарин ауылының тұрғыны:

Малды қарап жатырмыз. Басқа баратын жер жоқ. Осы жерде моншада жатырмыз.

15 шақырым қашықтағы Теміртау қаласында әкімдік жалдап берген пәтерге де сирек барады. Эльхан Микаилов  кейді түнегені болмаса,  үнемі ауылда.

Эльхан Микаилов, Гагарин ауылының тұрғыны: 

Біз жан-жаққа шашырап кеттік. Сандала беріп әбден шаршадым. Қыста алыстан келіп малға қарау да қиын. Алғашында, әкімдер әне береміз, міне береміз деп  уәде берген еді. Бірақ орындамады.

Гагарин ауылында  Эльхан секілді баспаналарын меншіктеп үлгермеген  тағы бір отбасы бар. Олар  арнайы құрылған қайырымдылық қорға түскен ақшаға үй сатып алуы тиіс  еді. Басында аймақ басшысы дәл осылай, үйлерінің құжаттары дұрыс емес азаматтарға көмектесеміз деген. Алайда,  Гагарин ауылының 7 отбасы ғана доллар қатты қымбаттамай тұрып, күзде 3 млн теңгеден баспана сатып алып үлгерген. Қалған екі отбасы бұл соманы да ала алмай отыр. Уақыт өтіп барады. Тұрғындардың айтуынша, қазір үй 2 есеге қымбаттап кеткен. Сондықтан өтемақыны алған күнде, оған баспана тиюі екіталай.  Бұқар жырау ауданының әкімдігі болса, бұл екі отбасына көмек қорына жиналған ақша жетпей қалғанын айтады. Қаражат жиналары белгісіз. Сондықтан, мәселенің жуық арада шешілуі екіталай.

Руслан Нұрмұхамбетов, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

Ақша түскен кезде үй алуға қаражат бөлінеді.Әзір қордағы ақша жетпейді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару қауымдастығымен бірге қорға ұсыныс жасап, құжаттарды жібереміз. Олар қанша ақша бөлінетінін шешеді. Бұл адамдар үйсіз қалмайды деп ойлаймын.

Біз бұл мәселемен Қарағанды облысының әкімдігіне жүгіндік.  Шенеуніктер өткен көктемдегі су тасқынынан жапа шеккендердің барлығы үймен қамтылмағанын растады.Олар баспаналарына меншіктік құқығы жоқ азаматтар екен . Осындай 101 отбасының 30-ы  әлі де өз кезектерін тосып жүр. 

Ольга Кабаргина, Қарағанды облысы әкімінің жауапты хатшысы:

Қарағанды облысында жапа шеккендерге 346 үй тұрғызылды. Әр елді мекенде сол ауыл тұрғындарынан тұратын жергілікті басқару органдары құрылды. Кімнің бірінші болып үй алатынын өздері шешті.Ең алдымен  жүкті әйелдер, жалғыз басты қарттар мен көпбалалы отасбылар қамтылды. Құжаттары болмағандықтан, процесс ұзаққа созылды. Жылжымайтын мүлік бағасы да тұрақсыз, қазір. Бірақ, бұл сұрақ биыл  толық шешіледі.

Бір қызығы, бұл ақпарат сейсенбі күні Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің Астанада берген есебіне қарама-қайшы. Аймақ басшысы 346 емес, 364 үй салынып, барлығы жаңа баспанаға кірді деген еді.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Құлап кеткен үйлерді қайта көтеріп, жаңадан салу. 364 үй салдық көрдіңіз бе? Бір жылдың ішінде, бір жыл емес көктемде болған. Біз мына қазан айында адамдарға кілттерін тапсырып үйлеріне кіргіздік. 3-4 ай айналасы.

Аймақ басшысы  үйлердің сапасына қатысты шағымдар болса, оларды қарауға дайын екенін де  айтты. Сөзіне қарасақ, әкім тұрғызылған 346 баспананың сапасыз салынғандары барын сезгендей. Біз жете алмаған көптеген елді мекендерді қоспағанда, тек Гагарин ауылының өзінде шағымданушылар көп. Ауыл азаматтары күзде ғана қоныстанған су жаңа үйлердің төбелерінен су ағып, қабырғалары шіри бастағанын айтты.

Қарлығаш Қапайқызы,  Гагарин ауылының тұрғыны:

Төбеден су ағып, көгеріп тұр. Пеш түтейді. Уланудан қорқам мен. Бүгін түнде терезелерімді ашып шықтым.

Әкімдік өкілдері құрылыста кеткен кемшіліктерді жөндеу үшін сот орындарына жүгенбек. Өйткені үйдің үш жылдық кепілдемесіне қарамастан, мердігерлер  жөндеу жұмыстарын жүргізуге асығар емес.  Бұл компаниялар үйлерді тұрғызуға ат салысқан ауыл адамдарына да  жалақы төлемей қойған.

Нұрлан Микаилов, Гагарин ауылының тұрғыны: 

Үйді салғаннан кейін аванс бермей қойды. Бұқар жырау ауданының әкімі келіп төлетем деген, әлі берген жоқ. Бір жыл өтті. 1 млн 300 мың қарыз.

Аудандық, облыстық әкімдіктегілер бар мәселе биылдан қалмай шешіледі дейді. Алайда, кейбір адамдар шенеуніктердің құрғақ уәдесінен шаршаған.

Айжан Қуаш, Мақсұт Сарабаев, «Біздің уақыт».