Русский Сайттың толық нұсқасы

Бензиннің ішкі нарықтағы бағасын төмендету мүмкін емес

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2014
  • 1169

Бензиннің ішкі нарықтағы бағасы төмендемейді. Депутаттардың жанармай құнына қатысты сауалдарына жауап берген Үкімет басшысының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай деп ашық айтты.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгертулер енгізу туралы» заң жобасы талқыланған. Басқосу барысында Жоғарғы палата депутаты Қуаныш Айтаханов еліміздегі жанар-жағармай төңірегінде қалыптасқан күрделі ахуалға орай вице-премьердің түсінік беруін сұрады. Үкімет басшысының Бірінші орынбасары «ҚазМұнайГаз» компаниясы жетіспейтін бензиннің барлығын Ресейден өз қаражатына алып, шығынға батып отырғанын жеткізді. Егер баға төмендетілсе, аталған шығын одан сайын жоғарылайтынын да жасырмады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Бүгінгі күні ішкі нарықта 1,5-1,9 млн тоннаға жуық тапшылық бар. Зауыттардан шығатын өнім ішкі сұранысты толығымен жаппайды. Сол себептен бүгінгі күнге дейін бензинді Ресейден алып, тапшылықты толтырып келген болатынбыз. Оның екі арадағы бағасында 20-30 теңгенің көлемінде айырма бар. Сондықтан да, бізге ішкі нарықта бұл бағаны одан да төмендету еш мүмкін емес. Бүгінгі күні Ресеймен ғана емес, Әзірбайжанмен, Беларусь елімен, Қытаймен де келіссөздер жүріп жатыр.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА