Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда әуежай маңынан үй салғандар жер телімдерін заңдастыра алмай жүр

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2014
  • 1094

Атырауда 100-ге жуық тұрғын 10 жыл бойы кезек күтіп, әрең қол жеткізген жер телімдерін заңдастыра алмай жүр. Халықаралық әуежай маңындағы «Нұрсая - 3» мөлтек ауданының халқы журналистерден көмек сұрайды. Айтуларынша, қалалық әкімдік әу-баста құрылысқа рұқсат берген. Бірақ енді дайын үйге мемлекеттік актіні беруден бас тартып отыр. Әуре-сарсаңға түскен бұқараға олар «әуежай басшылығынан рұқсат алыңдар» дейді. Себебі жер телімдері әуежайдың ұшып-қону алаңына жақын орналасқан.

Балсұлу Әбденова:

Үйді салып қойдық. Енді ешқандай су, жарық, газ деген берілмей тұр. Аэропорттан рұқсат жоқ дейді. Рұқсат жоқ болса, әуеліде жерді неге береді? Ол дейтін архитектура, қалалық әкімдік - солардың келісімімен беріліп отыр ғой. Бәріне жаздық.

Гүлсара Ғалымова:

Аэропорт айтады, қызыл сызықтың үстінде орналасқансыздар дейді. Қалалық архитектура айтады, қызыл сызықтың үстінде орналасқансыздар дейді. Ол енді беріліп қалғасын, қызыл сызық – олардың қоршауы, біз қоршауға кіріп тұрған жоқпыз ғой.

Қалалық әкімдік халықаралық әуежай маңындағы 94 жер телімін халыққа 2011 жылы үлестірген. Тұрғындардың сөзінше, екі жылда баспана салынбаса, жер мемлекетке қайтарылатыны туралы ескертілген. Осыдан соң жұрт жапа-тармағай құрылысты бастап кеткен. Үй жалдап, пәтер жағалап жүргендер бірден несие алып, жиған-тергенін құрылысқа жұмсайды.

Әкімдік өкілдері, жер телімі берілген кезде жүргізілген геодезиялық зерттеу ұшу алаңына ешқандай кедергі келтірмейтінін, дәлелдегенін айтады. Бірақ биылғы жылдың көктемінде көлік прокуратурасы әуежай маңындағы құрылыстардың қауіпсіздігі мен заңдылығын тексеруге көшкен соң, жағдай өзгеріп сала берді.

Данияр Бодаубай, Атырау қалалық қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы:

Халықтың күтуден өзге амалы жоқ. Көлік прокуратурасынан кешенді тексеріс жүргізу туралы хат алған соң, біз аталған учаскенің құжаттарын рәсімдеуді толық тоқтаттық. Тек комиссия қорытындысы шыққасын ғана, қандай да бір шешім қабылдаймыз.

Базаркүл ІЗІМОВА