Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілісте білім беру жүйесіндегі «e-learning» жобасына жауаптылар сынға алынды

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2014
  • 1018

«Қазақстандағы білім беру жүйесі «e-learning» жобасымен жұмыс істеуге дайын емес. Мұғалім қағазбастылықтан құтылудың орнына, қатарынан бірнеше жұмыс істеуге мәжбүр». Бүгін Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында палата төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева осы мәселені көтеріп, жобаға жауаптыларды сынға алды.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:

Сіздер өз жүйелеріңізді жасап, оны білім беру жүйесіне енгізуге тырысып жатырсыздар. Бірақ дәл қазіргі уақытта білім беру жүйесі оған дайын емес. Себебі олар бұл пәнді институттарда қатар енгізу жөнінде, педагогтар даярлайтын жоғары оқу орындарымен келіскен жоқ. Бірақ мұғалімдерді электронды жүйені қолдануға міндеттеп қойды. Ал министрлік әлі рұқсат бермегендіктен, мұғалімдер қағаздан бас тарта алмайды. Ұстаздар бұған моральдық жағынан да дайын емес.

Ал Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев электронды оқулық түгілі, алғашында халыққа электронды қызмет көрсету жүйелерінде де проблемалардың болғанын айтты.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

Халыққа қызмет көрсету орталығында да дәл осындай проблемалар болды. Жаңадан енгізілген ақпараттық жүйелер жұмыс істемей қалды. Көбінесе жүйеге емес, адами факторларға байланысты орын алып отырды. Біз кейбір халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, ақпараттық жүйенің не себепті жұмыс істемейтінін сұрағанымызда, олар кезек көп деді. Сосын жеке кабинеттерді аралағанымызда, қосылып тұруы тиіс сервердің тоқ көзіне қосылмай қалғаны анықталды.

Айта кетейік, «e-learning» жобасының сапасына қатысты бұған дейін де депутаттар бірнеше рет сын айтқан. Жалпы, жобаға 3 жылда 28 млрд теңге жұмсалды. Оның болмашы ғана бөлігі электронды оқулық жүйесін құруға кетті. 2 млрд теңгеге жуығы – Ұлттық ақпараттық технологиялар қызметіне жұмсалған. Осы тұста айта кетерлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы «e-learning» жобасы бойынша Білім және ғылым министрлігінен 9,5 миллиард теңге өндіріп алатын болды. Ведомство өткен жылдың қарашасында аталмыш компаниямен келісімшартты бұзған.

Алайда оған дейін жұмыстың 95 пайызы орындалып қойған көрінеді. Мұны «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы сотта дәлелдеп шыққан. Бұған дейін компанияға аванс ретінде 5 млрд теңге ғана берілген. Енді министрлік қалған қаржыны қайтаруға тиіс. Бұған биыл бюджеттен қаржы қарастырылмаған. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясының басқарма төрағасы Руслан Еңсебаевтың айтуынша, министрлік қарызды келесі жылы өтеуге уәде берген.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ