Адам папилломасы вирусына қарсы екпе
жасату міндетті емес. Ол ерікті түрде, баланың ата-анасының рұқсатымен ғана
жасалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның Денсаулық
сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Серікбол Мусин мәлімдеді.
Шенеуніктің айтуынша, қазір елімізде
21 түрлі дерттің алдын алу бойынша міндетті екпе жасалып жатыр. Ал 11-12 жас аралығындағы қыз балаларға жасалатын екпені
жасатуға қатысты еліміздің денсаулық сақтау ведомствосы ешкімді мәжбүрлемейді.
Серікбол Мусин, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму
вице-министрі:
Адам папилломасына
қарсы екпе бұл ерікті вакцинация. Ол пилоттық режимде өтіп жатыр. Егер де
ата-аналар, баланың өзі қарсы болса онда екпе жасалмайды.
Бұған дейін, өткен жылы Павлодар
облысында жатыр мойыны обырына қарсы екпе алған екі қыз ауруханадан бір-ақ
шыққанын жаңалықтарымызда айтқан едік. Жетінші
сынып оқушылары вакцинаны қабылдап үлгермей жатып, есінен танып қалған.
Аяқ-қолдары тартылып, тыныс алуы қиындаған Майқайын кентінің тұрғындары шұғыл
түрде Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілген. Мамандар ауыр халдегі 12
жасар қыздарды жансақтау бөліміне жатқызды. Үш күн бойы ес-түссіз қалған
жасөспірімдер ажал аузынан қалған-ды. Ол кезде қыздарына екпе жасауға рұқсат
берген аналар «жағымды жарнама» мен дәрігерлердің
«зияны жоқ» деген сөзіне сеніп қалдық деп, түсіндірді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ