Русский Сайттың толық нұсқасы

Велоспорт федерациясы дәріханаларда допингтердің еркін сатылуына қарсы

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2014
  • 1184

Еліміздің дәріханаларында еркін түрде допингтер сатылуда. Ұлттық допингке карсы орталық мамандары дабыл қағып жатыр. Велоспорт федерациясы басшылығы осы келеңсіздікті тыю үшін, Денсаулық және әлеуметтiк даму министрiлігіне арнайы хат жолдағандарын хабарлады. Федерация препараттарды рецептсіз сатуға тыйым салуды талап етіп отыр.

Оларды алаңдатып отырғаны - допингке жататын бұл дәріні қолдану қазіргі күні спортсмендер арасында кең тарағаны. Спорт саласы мамандарының айтуынша, жетістікке жету үшін тыйым салынған препараттарды тек кәсіпқой спортсмендердің ғана емес, тіпті жастар мен әуесқой спорт өкілдерінің де қолданып жүргені анықталған. Көбінесе бұл допинг велоспортшылар мен ауыр атлеттер арасында тарап барады. «Хат құзырлы органға қазан айының аяғында жіберілгенімен, әлі хабар жоқ», - дейді федерация басшылары.

Дмитрий Муравьев, ҚР велоспорт федерациясының атқарушы директоры:

Бұл мәселе әлі сол қалпында тұр, оны дереу шешу қажет. Велоспорт федерациясы қауіпті мәселенің алдын алу жолдарын ұсынып отыр. Яғни «Рекормон» препаратының еркін сатылымына тиым салып, дәріханалардан тек арнайы рецептпен сатылсын.

Ұлттық допингке қарсы орталықтың директоры Майра Бакашеваның келтірген деректеріне сенсек, биылғы 11 айда ел ішіндегі жарыстарда 13 спортшы, тағы 4-уі шетелдік жарыста допинг қолданған. Ал өткен жылы қырық қазақстандық спортшы әшкере болыпты. Оның жиырма үші шетелдік, он жетісі отандық жарыстарда абырой төккен. «Қосымша күш беретін дәрілерді қолдануға әсіресе ауыр атлетикадағылар бейім», - дейді ұлттық допингке қарсы орталық басшысы. Мамандар допингтің өлімге де итермелейтінін ескертті.

Берік ХАСЕНОВ