Бүгін
Сенат Республикалық бюджет туралы заң жобасына енгізілген өзгерістерді едәуір
сынға алғанымен, соңынан мақұлдады. Бюджет шығыстарының қысқаруын шенеуніктер
экономикалық қолайсыз факторлардың әсерімен, сондай-ақ бюджет түсімдерінің
төмендеуімен түсіндірді. Қазынаның кіріс бөлігіндегі 420 млрд теңге көлеміндегі
шығындарды жабу мақсатында 260 млрд теңгеге шығыстар қысқартылды. Ал жалпы ішкі
өнімнің өсімі 104,3 пайыз деңгейінде болжануда. Бұл болжанған көрсеткіштен 1,7
пайызға төмен. Сенаторлар қыруар қаржының жыл сайын игерілмей жататынын бұл
жолы да сынады.
Мұнан
бөлек депутаттар тұрғын үй қатынастары туралы заң жобасын да қызу талқылады.
Баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы
бойынша баспана алуға үміткерлерді анықтауда жаңашылдықтар енгізілетінін айтты.
Яғни жаңа заң жобасы пәтер иелері кооперативтерінің жүгенсіз кеткен жұмысын
реттемек.
Ерболат
Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Мемлекеттік
тұрғын үй алуға үміткер адамдар тобын анықтау үшін, бюджеттік ұйымдар ұғымын
енгізу. Кондоминиум объектілерін басқару органдары жұмыстарын ашықтылығын
арттыру мақсатында, ортақ мүлікті күтіп ұстауға арналған шығыстар туралы меншік
иелерін тоқсан сайын есеп беру міндетін бекіту. Тұтынушыларға коммуналдық
қызметті сапалы көрсету мақсатында, ұлттық стандарттар мен техникалық регламенттердің
нормаларын міндеттеу, орындау бойынша талаптарын белгілеу.
Владимир
Редкокашин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бүгінде
пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы мүлдем ашық емес. Біздің коммуналдық
төлемдерге беріп жатқан ақшамыздың қай мақсатта жұмсалып жатқанын ешкім
білмейді. Ал жөндеу жұмыстары қажет болғанда, олардың жасалмайтыны да сұрақ
туындатады. Заң қабылданса, осы істі реттейміз.
Және
бір жаңалық - бұдан былай пәтерінің несиесін төлей алмаған, тұрмыс деңгейі
төмен отбасыларын қыс ортасында шырылдатып, далаға шығарып тастау тоқтатылады.
Жаңа заң жобасы осы мәселені де реттегелі отыр.
Ерболат
Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Қаралып
отырған заңға осы норманы енгізіп отырмыз. Қыс уақытында ондай семьяларды
шығармау туралы. Осы норма шыққаннан кейін жиналған сұрақтар ішінде, бірақ әр
азамат, еліміздің заңы болғаннан кейін, осы заңның ішінде болуы керек.
Сенаторлар
қолжетімді тұрғын үй құрылысының қарқыны мен жер телімдерінің жеке тұрғын үй
секторына берілмей отырғанын да сынады. Депутат Қуаныш Айтахановтың айтуынша,
жер телімін алуға 1 млн астам адам кезекте тұр. Ал оларға инфрақұрылым жоқ
деген желеумен жер берілмейді. Есесіне сол инфрақұрылымды тартуға 2014 жылы
республика бюджетінен бөлінген қаржының 7 млдр теңгесі игерілмей қалған.
Кемшіліктерді тізген жоғарғы палата депутаттары заң жобасын дайындаушыларға
аталған мәселелерді реттеу туралы ұсыныс айтты.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ