Русский Сайттың толық нұсқасы

«Шығыс Қазақстанға барамыз» бағдарламасы бұқара арасында қызығушылық тудыруда

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2014
  • 1904

Мұғалім, дәрігер, құрылысшы, сондай-ақ жүргізуші мен полицейлер қажет. Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласының шенеуніктері басқа өңірден қоныс аударуға ниет білдіруші азаматтарды осында тұрақты жұмыс істеп өмір сүруге үндеді. Оңтүстік өңірлердегі кәсіпсіз жандарды солтүстік және шығыс аймақтарға көшірудің тиімділігі жоғары. Елімізде осыған байланысты арнайы бағдарлама қолға алынғаны мәлім.

Дүйсенбек Телекей Шымкентте тұрады. Риддерге жұмыс іздеп келген. Онымен бірге тағы 6 отбасы осында қоныс аударуға дайын. Әрі оның Шығыс Қазақстандағы әскери қызметке алыну мүмкіндігі де мол. Бағдарламаның арқасында омарташылық кәсібімен айналысуға да әзір. Ал жұбайына мектепте мұғалімдік жұмыс дайын тұр. Ұлы болса, құрылысқа баруға қам жасап жүр.

Қазір Риддер қаласына жұмыс іздеп келгендерді қоныстандыру ісі қызу жүріп жатыр. Болашақ мамандардың жатын жері мен баспаналары дайын. Ал шаһар әкімі кәсіби мамандардың өте қажеттігін айтады.

Жомарт Мұратов, Риддер қаласының әкімі:

Бірінші кезекте мұғалімдер, дәрігер мен құрылысшылар және полицейлер қажет. Өндіріс орнында жұмыс істеуге дайын дәнекерлеушілер, бетоншыларға да сұраныс мол.

Қызылордалықтар да шығыс аймаққа жақсы мамандар жіберуге дайын. Сыр елі мұндағы ұстаздар мен дәрігерлердің тапшылығын жоюға ат салыспақ.

Жазира Жылқышиева, Қызылорда облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы:

Бізде жұмыссыз жандар өте көп. Шығысқа өзіміз де келіп жұмыс істеймін деушілерге арналған жағдайдың қандай екенін білдік. Жалақы мөлшері жаман емес.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов заңсыз қоныстану болмайтынын айтып отыр. Екі қолға бір күрек іздеген әр азамат әдеттегідей түйіндемесін жіберіп, жұмыс берушімен келісімшартқа отыруы керек. Осыдан кейін ғана аймақтан аймаққа ауысуға болады деді шенеунік.

Даулет Арғындықов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

Кадрларды іріктеу мамандық бойынша жүзеге асырылады. Егер кәсібі сұранысқа ие мамандықпен сәйкес келмесе, ешкім ешкімді мәжбүрлемейді.

Қарашаның соңында қоныс аударушыларға берілетін алғашқы субсидия мөлшері анықталады. Егер жағдай реттелмесе, бірнеше жылдан кейін шығыс пен солтүстік аймақтарда халық саны шамамен 1 миллионға қысқармақ. Тіпті өндірістік орындарда ешкім жұмыс істемейді. Сондықтан «Шығыс Қазақстанға барамыз» бағдарламасы бұқара арасында қатты қызығушылық тудыруда. Жұмыс іздегендер жергілікті сайт арқылы ақпарат алуларына болады.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ