Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде ислам шарттарына сай қызмет ететін ипотекалық компания ашу жолдары қарастырылып жатыр

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2014
  • 1632

Қазақстандықтардың исламдық қаржыландыру жүйесімен несие алатын күні алыс емес. Аталған жүйені дамыту қауымдастығының төрағасы Ерлан Байдаулет орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдағы жылы елімізде ислам шарттарына сай қызмет ететін ипотекалық компания ашу жолдарының қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Алайда, «ислам банкингін кей тұрғындар ешбір үстемесіз ақша тарату деп түсінеді, бұл қате пікір» дейді қауымдастық төрағасы. Ислам банкі қаржы нарығында жұмыс істегендіктен, белгілі деңгейде үстеме табыс табатыны сөзсіз.

Ерлан Байдәулет, исламдық қаржыландыруды дамыту қауымдастығының төрағасы:

Бір нәрсені анықтап алу қажет. Ислам банкі пайызсыз ақша таратады, үстеме мүлдем жоқ деген пікір - қате. Сіз алатын пәтер 100 мың доллар тұрады делік. Бұл ұйым сізге қалаған пәтеріңізді алып береді, ал өз табысын сізбен бірге отырып келіседі. Олар сіздің мүмкіндігіңізден артық үстеме алмайды. Мысалыға, он пайызға тоқталсаңыздар, 110 мың қылып қайтарасыз. Ал дәстүрлі банктер берген несиесінің үстінен 100 пайыздық үстеме көретінін барлығымыз білеміз.

Аталмыш ипотекалық компания «Заман» банк деп аталады. Қаржы ұйымы елімізде шариғат заңдылықтары бойынша тұтыну несиесін беретін алғашқы банк болмақ. Халықаралық Ислам даму банкі қазірдің өзінде қазақстандық мектептерде балалардың тамақтануын қаржыландыруды қолға алып отыр. Айта кетейік, өткен аптада Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов 2015-те Қазақстанда Бахрейн, Малайзия және Катар мемлекеттерінің банктері ашылады деген.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ