Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда атауы болашақта Орда болып өзгеруі мүмкін

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2014
  • 1636

Ресей былтыр шілдеде құлаған «Протон-М» зымыраны үшін өтемақы төлеуге дайын. Тек шығынды есептеуде ортақ әдіс таңдауды сұраған. Өңір басшысы Қырымбек Көшербаев  «Астана» телеарнасының сұрағына осылай деп жауап берді. Өңір басшысы жалпы бұл мәселеге орай бейтарап қала алмайтынын мәлімдеді. «Протон-М» зымыран-тасығышы құлағалы бір жарым жылдай уақыт өтсе де, Ресей келтірілген шығынды әлі өтеген жоқ.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Мен облыстың әкімімін. Ол жерде зымыран-тасығышы құлап жатса, халыққа зардабы тиіп жатса, менің мәселем емес деп, қалай немқұрайлы қараймын, олай болмайды. Біздің мамандар есептеген, көрсетілген зиян көлімі 13,9 млрд тг. Бірақ методикасы келісілмеген. Біздердікі бір методикамен есептейді келтірілген зиянды, ресейліктер екінші, сондықтан осы методиканы келісу үшін, осы қараша айының соңында Байқоңырда үкіметаралық комиссияның мәжілісі өтеді, сонда экологиялық мәселелер бойынша үкіметаралық келісімге қол қойылады. Соның ішінде осы мәселе шешіледі.

Қырымбек Көшербаев өңірде жанар-жағармай проблемасы барын да жасырмады. Дегенмен, сұйық отынның бағасында ауытқу жоқ.  Облыс әкімі Энергетика министрлігінің іс-қимылы мен  «Қашаған» жобасының іске қосылуы  жанар-жағармай проблемасын шешеді деген ойда. Ол сонымен қатар, Байқоңырдағы мектептер қазақ стандарттарына көшіріледі деген жағымды жаңалығымен де бөлісті. Айта кетерлігі, ғарыш айлағындағы алты қазақ мектебі бүгінде Ресей Федерациясының стандарттарымен білім алуға мәжбүр.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Қазақ балалары қазақ мектебінде кітаптың оқулығын ашады да, менің президентім Путин дейді. Қалай олар ертең қалыптасады, қандай азамат болады? Қалай патриот болады? Екінші тағы бір жері бар, олар оны бітіргеннен кейін біздің Ұлттық бірыңғай тестіге қатыса алмайды, сосын біздің Қазақстанның ЖОО-на түсе алмайды. Олардың заңды құқықтарына шектеу. Сол үкіметаралық комиссияның мәжілісінде бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймын. Және ендігі 1 қыркүйектен 2015 жылдың сол 6 мектеп Байқоңырда қазақстандық стандартқа көшеді.

Арал теңізі қайта тіріледі деген үміт бар. Дүниежүзілік банкпен тиісті келісім жасалған. Бүгінде Солтүстік Арал суының бұрынғы жағалауға қайтуына 17 шақырым  қалып тұр. Ал Қызылорда атауы болашақта Орда болып өзгеруі де мүмкін. Қала атауын өзгерту бойынша өтініш жасаған студентке Көшербаев мырза бұл мәселені бірігіп шешуге уәде берген. Күрішті өңір басшысы жаңа жылдық безендірулерді өзге облыстар секілді желтоқсанның бірінен емес, тәуелсіздік мерекесі өткен соң ғана бастауға рұқсат беретінін айтты. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ