Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталығында 200-дей бала ем алды

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2014
  • 1811

«Самұрық - Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен құрылған «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталығында 200-дей бала ем алды. Оның 80 пайызының нәтижесі жақсы.

Ауруынан айығып келе жатқандардың қатарында астаналық кішкентай тұрғындар - Арайлым мен Аяулым да бар. Гидроцефалия және сал ауруына шалдыққан балалар екі жасқа дейін жүрмек түгілі, өз аяғымен тұра да алмайтын. Ем шаралардың бірінші кезеңінен соң, балақайларың бірі алғашқы қадамын жасай бастады.

Жарты жылдан бері Арайлым мен Аяулым әр аптаның бейсенбісін асыға күтеді. Себебі сол күні олар оңалту орталығының бассейніне барады. Бұл жаққа келіп жаттығу жасау қыздарға қатты ұнайды.

Егіздердің біріне гидроцефалия, екіншісіне сал ауруы деген диагноз қойылған. Туа салысымен дертке шалдыққан балғындардың жасы қазір үште. Осыған дейін Арайлым мен Аяулымның ата-анасы балаларының өз аяғымен жүріп кеткенін көруді армандайтын. Бірақ ұзақ уақыт кешенді ем алуға олардың қаражаты жетпеді. Қыздардың анасы Алмагүл Қайырымдылық қоры туралы естігенде, бұл үлкен мүмкіндік екенін түсінді.

Алмагүл Қызмет, Арайлым мен Аяулымның анасы:

«Қасиетті жол» туралы телеарнадан көрдім. Осымен екі рет ем алдық. ЛФК, массаж, физлечение, логопед. Екіншісінде Аяулымға диспорт жасады. Содан бері қызым белсенді қимылдайды. Қазір Арайлым өзі жүріп келе жатыр.

Арайлым алғашқы қадамын жасаған соң, «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры «тұсау кесер» рәсімін өткізді. Сауығып келе жатқан сәбилердің тұсауын кесу - мұнда дәстүрге айналған. Балалардың әр жетістігі қор қызметкерлеріне күш береді. Өйткені мекеменің басты мақсаты - аз қамтылған отбасылардың балалары үшін қымбат операцияларға қаражат жинау. Қуантарлығы - біздің елде жақсылық жасауға асығатын қайырымды жандар аз емес. Бұл Аяулым мен Арайлым секілді әлі талай баланың аяқтарымен жүріп кетуіне мүмкіндік бар деген сөз.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ