Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда Бергей Рысқалиевтің сыбайластарына қатысты сот үкімін жариялау кейінге шегерілді

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2014
  • 1075

Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің сыбайластарына қатысты сот үкімін жариялау кейінге шегерілді. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев хабарлады.

Осыдан екі апта бұрын айыпталушылардың соңғы сөзін тыңдап болған соң, үзіліс жариялаған судья Гүлмира Дәулетова үкім 10 қарашада жарияланады деген. Алайда ауқымды істі тағы бір сараптап шығу үшін бірнеше күн керек болғанға ұқсайды. Баспасөз қызметі 777 томнан тұратын қылмыстық іс бойынша үкім апта аяғына, яғни 14 қараша күні оқылуы мүмкін екенін хабарлады. Үкімнің өзі 2 мың беттен тұрады.

Еске салайық, сотқа 22 айыпталушы тартылды. Оларға бүрынғы әкім Бергей Рысқалиевтің жетекшілігімен лауазымын асыра пайдаланып, бюджеттің 71 млрд теңгесін жымқырды деген айып тағылып отыр.

Прокурорлар айыпталушыларға 8 бен 18 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ең ұзақ жаза мерзімін облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукеновке - 18 жыл, ал бұрынғы қала әкімі Асқар Керімовке -14 жыл тағайындау сұралған.

Базаркүл ІЗІМОВА