Русский Сайттың толық нұсқасы

Каталондықтардың 80%-нан астамы Испаниядан бөлінуге дауыс берді

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2014
  • 1464

Каталония тұрғындарының 80 пайызы тәуелсіздікті қалайды. Каталония басшысы Артур Мас егемендік туралы сауалнама жүргізу осындай нәтиже бергендігін алға тартты. Кеше өткен жалпыхалықтық шараға 2 миллионға жуық адам қатысқан. Мемлекет қолдамаған референдумды 40 мыңға жуық еріктілер ұйымдастырған. Дауыс беру науқаны Испаниядан тыс елдерде де өткізілгендіктен, оның қортындылары бірнеше аптадан кейін белгілі болмақ.

Бюлеттеньдерде қойылған сауалдарға тоқталсақ, онда «Каталонияның жеке дара мемлекет болуын қалайсыз ба және Каталонияның тәуелсіз болуын қолдайсыз ба?» деген екі сұрақ қойылған. Ал, Испания үкіметі каталониялық референдумның заңды күші жоқтығын, әрі ол демократиялық таңдау еместігін атады.

Еске салайық, Испания билігі каталониялықтардың 9 қарашада референдум өткізу туралы талаптарын конституциялық сот арқылы уақытша тоқтатқан болатын. Осыған орай мыңдаған каталониялықтар ереуілге шығып, жаппай наразылық шараларын өткізуде.

Артур Мас, Каталония автономиясының президенті:

Дәл осындай жағдайда дауыс беру науқанын ұйымдастыра алғанымыз бұл өте үлкен жетістік. Біз егемен ел ретіндегі құлшынысымызды көрсетіп, өз болашағымызды өзіміз қолға ала алатындығымызды көрсеттік. Өз тағдырымызды өзіміз шешетін күн туады әлі.

Жұрағат БАМАН