Біртуар
батыр Бигелдиновтің дүние салуына байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан
Назарбаев марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Елбасы Талғат Жақыпбекұлының ел басына күн туған қиын шақта Отанды сүюдің,
ерлік пен әскери шеберліктің таңғажайып үлгісін көрсете білгенін, сол арқылы
өзін де, халқымызды да өшпес даңққа бөлеп, көпке танытты деді.
Сондай-ақ
қаһарман отандасымыздың есімі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын, оның атындағы
көшелер мен мектептер және ескерткіштер, кітаптар, фильмдер батыр есімін ұдайы
есімізге салып отыратынын атап көрсетті.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бейбіт
өмірге оралғаннан кейін ол азаматтық авиация және құрылыс салаларында жемісті
еңбек етіп, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен және биік адамгершілік қасиеттерімен
өзгелерге үлгі бола білді. Халқымыз Талғат Бигелдиновті ерекше мақтан тұтты,
дүние есігін ашқан мыңдаған сәбилерге есімін берді. Олардың көбі батыр ағасына
еліктеп, білікті маман, жақсы азамат болып өсті. Қазақстандықтар қаһарман
отандасымыздың ерлігі мен еңбегін ешқашан ұмытпайды деп сенемін. Марқұмның
топырағы торқа, жаны жәннатта болсын.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ