Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Бүкілдүниежүзілік СПИДке қарсы күрес күніне орай ірі шара басталды

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2014
  • 2577

Алматыда Бүкілдүниежүзілік СПИДке қарсы күрес күніне орай ірі шара басталды. Дәрігер мамандар бір ай көлемінде жұртшылыққа емі жоқ індетті жұқтырмаудың жолдарын насихаттайтын болады.

Алматыда алғаш СПИДті жұқтырған адам 1987 жылы тіркелген. Осы 27 жылдың ішінде қауіпті дертке шалдыққан 4 мың 22 адам анықталыпты. Қазіргі күні соның 2 мың бір жүзі станционарлық тізімге тіркеліп, аурудың өршіп кетпесі үшін тұрақты түрде ем қабылдауда. Оның 30 пайызы өзге облыстардан келген жандар екен.

Мамандардың айтуынша, «жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі» вирусының таралуының 3 жолы бар екен. Яғни, қан арқылы, жыныстық жол арқылы және СПИДті жұқтырған анасынан баласына берілуі. Соның ішінде жыныстық жол арқылы жұғуы осы күні белең алып кеткен. Дәрігерлер дерттің алдын алу үшін Алматы қаласындағы халық көп шоғырланатын жерлерде үгіт-насихат өткізуді жоспарлапты.

Талғат Бапиев, ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері:

10 қарашадан бастап, 10-шы желтоқсанға дейін бір ай көлемінде халыққа түсіндіретін боламыз, санасына сіндіріп. Оның жұғу жолдарын, алдын алу үшін бір ай шеңберінде.

ЖИТС пен АИТВ вирусы адамнан адамға ауа арқылы және тұрмыстық жағдайда таралмайтыны белгілі болса да, қоғамда осы дертке шалдыққандарды шектеу көп кездеседі екен. Жұмыстан шығарып тастау былай тұрсын, тіпті кейбір жағдайларда жақындарының өздері де теріс бұрылып жатады. Қоғамның ресми емес қара тізіміне кіргендер құқықтарын заңды түрде қорғауға тура келетінін жасырмайды. Айналасындағылардың қаһарына ұшырамау үшін ауруын жасырғандар қатерлі дертке жеңіліп, көмек сұрамай, ем іздемей, ажал құшып жататындары сондықтан, дейді қоғамдық ұйым өкілдері.

Оксана Ибрагимова, СПИД вирусымен өмір сүрушілер одағының маманы:

Өз статустарын ашуға қорқатындар көп. Жасырады барлығынан, жақындарынан да. Жұмыстарынан, айналасындағы жандардан айырылып, жападан жалғыз қалудан қорқады. СПИДке шалдыққан заңгер, мұғалімдерден бөлек аспазшылар да, даяшыларда да бар. Бірақ, олар ешкімге ауруын айтпайды.

Берік ХАСЕНОВ