Русский Сайттың толық нұсқасы

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2014
  • 1625

Ал Президенттің жолдауынан соң бірқатар ауыс-түйіс те болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Ахметов бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі болған еді. Жаңа басшыны Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 23-ші сессиясында Премьер-министр Кәрім Мәсімов таныстырды.

Ал өңірдің бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев Премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол шығыс аймақты 2009 жылдың наурызынан бері басқарып келді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Нұрсұлтан Әбішұлына үлкен рахметімді білдіремін. Осы уақытқа дейін мені қолдап, осындай қызметке тағайындағанына, мен өзімнің барлық күшімді, жігерімді сеніп тапсырылған сенімді ақтауға күшімді саламын. Әріптестеріме айтатыным, үлкен рахмет, сіздермен бірге 5 жыл тоғыз ай жұмыс істедік. Барлығыңыз да қолдадыңыздар, егер сіздер қолдамасаңыздар, көмектеспесеңіздер, әсіресе депутаттар, мұндай нәтижелер болмас еді, сондықтан үлкен рахмет.

Даниял Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Менің алдымда үлкен жауапкершілік тұр. Ұлы адамның сенімін ақтап, оның жанында жүруге лайықты болуым керек. Бұл - өте зор тапсырма. Бірақ біз бірлесе отырып, Президент қойған үлкен тапсырмаларды атқара аламыз деген үміттемін. Құрметті Үкімет басшысы Кәрім Қажымқанұлы және Нұрлан Зайроллаұлы, мен, Президент артқан үлкен сенімді ақтау үшін, бар күшімді саламын.

Бердібек Сапарбаев Гүлшара Әбдіхалықованың орнына келді. Ал Үкімет басшысының орынбасары болған Гүлшара Наушақызы қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ