Русский Сайттың толық нұсқасы

Бірқатар шетелдік БАҚ Президенттің Жолдауына қызығушылық білдірді

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2014
  • 1491

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын аудартты. Түрлі басылымдар мен электронды ақпарат көздері үшін әлемге төніп тұрған экономикалық тығырықтан шығынды шұбыртпай шығудың нақты жолдары көрсетілгені қызық болса керек. «Жолдаудың саяси мәні өте қарапайым. Ол - стратегиялық тұрақтылықты сақтау», - деп жазады шетелдік басымылдар. Жалпы сырттағы бұқаралық ақпарат құралдарын тағы не қызықтырды? Айгүл Әдепбайдың шолуы.

Елбасының «Нұрлы жол» атты кеше ғана жарияланған жолдауына, әсіресе көрші ресейлік басылымдар мен ақпарат агенттіктері ерекше ден қойып жатыр. Мәселен, «Регнум» ақпараттық агенттігі «Барлық әлемнің сәулеті өзгереді» деген атаумен Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауының толық мәтінін беріп, әлеуметтік бағыт пен инфрақұрылымды алға бастыруға арналған қолдауға назар аударады. Ресейлік баспасөз ел экономикасының тұрақтылығын сақтауда осы салалардың маңызы зор деп санаса керек. Ақпарат көзі Марат Шибұтовтан сұхбат алып, оның пікірін де келтіреді. Саясаттанушының айтуынша, Жолдаудың экономикалық бөлігі қандай жағдай орын алса да, сәтті орындалады.

Марат Шибұтов,  саясаттанушы:

Ертерек жарияланған Жолдаудың саяси мәні қарапайым. Ол - стратегиялық тұрақтылықты сақтау. Президент стратегиялық тұрақтылықты сақтап тұру - елене бермейтін еңбек екенін және оны көпшіліктің ойлай бермейтінін атап өтті. Экономикалық бөліміне келер болсақ, жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған дағдарысқа қарсы нақты бағдарлама ұсынылды.

Қазақстанның бүгінгі сәтті экономикалық өсімінің түп тамыры 1998 жылы шарпыған дағдарыста жатыр деп санайды Ресей қаржы директорлары клубының бірінші вице-президенті Тамара Касьянова. Ал 2000 жылдары Қазақстан достастық елдер арысында инвестициялық тартымды елге айналды. Сөйтіп, әлемдік көрсеткіште 81-орынға шықты, ал Ресей сол кезде 95-орынға тұрақтаған деген Касьянованың пікірін «Взгляд» басылымы жариялады.

Тамара Касьянова, «Ресей қаржы директорлары клубының» бірінші вице-президенті:

«Қазақстан Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқан. Мәскеу Бейжіңмен әріптестігін нығайтып жатқандықтан, алда Ресей-Қазақстан-Қытай болашағы бар бағытқа айналады. Жаңа жолдар арқасында жеткізу мерзімі қысқарып, көліктік кедергілер азаяды. Нәтижесінде бұл жағдай тауардың өзіндік құнына және нарықтағы соңғы бағасына әсер етеді. Қазақстанда шығарылған тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі артады».

«Қазақстанның жолдардың жыртығын жамап, инфрақұрылымын дамытуға ден қойып отырған себебі - ішкі жалпы өнім өсімін 6-7 пайыздық көрсеткішке жеткізу мақсатында жасалған қадам», - деп жазады дәл сол «Взгляд» басылымы. Және Астананың әл-ауқатының артуы Мәскеу үшін де қолайлы екенін жасырмайды. «Deutsche Welle» мен «Лента ру» ақпараттық құралдары да Қазақстан экономикалық саясатын күрделі бағытқа өзгертуге ден қойғанын жазады. Жалпы он шақты шетелдік БАҚ Президенттің жолдауына терең қызығушылық білдірген. Оларды бағдарламаның экономикалық дағдарыстан мейлінше аз шығынмен қалай шығу керек деген күрделі сұрақтарға нақты жауаптардың берілгені қызықтырғандай.

Айгүл ӘДЕПБАЙ