Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда билетсіз жүрген жолаушыларға айыппұл салынды

  • AstanaTV
  • 18 қаңтар 2016
  • 1511

Алматыда билетсіз жүрген 172 жолаушыға айыппұл салынды. Қалалық «Көлік холдингі» мен әкімшілік полиция қызметкерлері бірлесіп жүргізген алғашқы рейд барысында жолаушылардың басым бөлігі «Оңай» картасын қолданбағаны анықталған. Сондай-ақ, жолаушылардан қолма-қол ақша алған көлік жүргізушілеріне де айыппұл салды. Билетсіз жүрген жолаушылар заң жүзінде екі айлық есептік көрсеткіш, яғни 4 242 теңге, ал көлік жүргізушілері 5 АЕК көлемінде, яғни 10 605 теңге айыппұл төлейді.

Негізгі тексерулер халық көп шоғырланған «Саяхат», «Сайран» сапаржайлары және «ВАЗ» аялдамасында жүргізілді. Көлік холдингі алдағы уақытта мұндай рейдтер жиі болып тұратынын хабарлады. Айта кетейік, жергілікті билік қаңтардың 11-нен бастап қаладағы барлық қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізген болатын. 

Рифат Әбдіраманов, Алматы қаласы «Көлік холдингі» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі:

Бүгіннен бастап тексеріс жиі болып тұрады. Біз жолаушыларға «Оңай» картасын сатып алуға көп уақыт бердік. 18 қаңтардан бастап билетсіз жолаушыларға айыппұл саламыз дегенбіз. Міне, өздеріңіз көргендей, рейд жүргіздік. Карта алмаған жолаушылар аз емес. Оның үстіне ақша алған көлік жүргізушілері ұсталды. Оларға әкімшілік хаттама толтырылды. Тағы да ескерте кетейін: «Оңай» картасы жоқ жолаушылар Алматы қаласында қоғамдық көлікпен жүре алмайды. 

Самат ҚАНАҒАТОВ