Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысының белсенділері Елбасының Жолдауын талқылады

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2014
  • 1454

Қарағанды облысы жаңа даму сатысына қадам басады. Аймақ белсенділері Елбасының 11 қарашадағы Жолдауын талқылады. Алдағы уақытта өңірде инфрақұрылымды, туризмді дамыту қолға алынып, республикалық маңызды жолдар іске қосылмақ. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков мәлімдеді. Айтуынша, қарағандылықтар Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға дайын.

Өңірде «Орталық-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің «Астана-Теміртау» бөлігі 2016 жылы пайдалануға берілмек. Қазір аймақта осы халықаралық дәліздің учаскесі қайта жөнделіп жатыр. Облыс аумағын 653 шақырым автомобиль жолы басып өтеді. Ал индустриалдық инфрақұрылымды дамытуға келсек, аймақтағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аумағы жаңа компанияларды қабылдауға дайын. Онда кәсіпкерлердің бизнеспен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Енді облыстың шағын қалалары мен аудандарында  осындай 8 кіші индустриалдық аумақ құрылмақ.  

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Қазірдің өзінде облысымызда 8 индустриалдық аумақ құру жөнінде тұжырымдама жасалды. Абай, Балқаш, Шахтинск, Жезқазған, Саран қалаларынан ұсыныстар бар. Осы жобаларды жүзеге асырсақ 54 кәсіпорын, 4 мың жұмыс орнын ашамыз.

Индустриалдық инфрақұрылым мен көлік жолдарының жаңаруы өңірде туризмнің дамуына септігін тигізбек. Ішкі туризмді өркендету үшін жаңа жобалар жасалады. Табиғаты сұлу - Балқаш, Қарқаралы, Ақтоғай, Ұлытауға қатынайтын жолдар жөнделіп, инфрақұрылымдары дамытылады. Жергілікті билік өкілдері туризм саласына инвесторлар тартуға ниеттеніп отыр. Осылайша, жергілікті кәсіпкерлер де өз істерін дамытуға мүмкіндік алады.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, «Мутлу» компаниялар тобының вице-президенті:

Қазақстандық бизнесмендер елімізді өркендетуге өз үлесімізді қосамыз. Әрине, бизнестің қаны - қаржы. Сол себепті сырттан ақша тарту керек. Қазір Даму банкінің пайыздық үстемі де аз. Бізге сол тиімді болар еді деп ойлаймын.

Айжан ҚУАШ