Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда денсаулық сақтау мекемелерінің екі бірдей басшысы заңсыз әрекеттері үшін жауапқа тартылды

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2014
  • 1193

Оралда денсаулық сақтау мекемелерінің екі бірдей басшысы заңды белден басқаны үшін жауапқа тартылды. Прокурорлардың кезекті тексеруі барысында олардың қызмет бабын асыра пайдаланғаны анықталған. Құзырлы орган өкілдерінің мәлімдеуінше, наркологиялық диспансердің директоры 29 емделушіні арнайы есептен шығаруға асықпаған. Оған қоса наркологиялық мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің басшысы 28 адамды мәжбүрлеп емдеткен. Шын мәнінде бұл емделушілерді мұндай мекемелерге еріксіз емдеуге жіберу туралы сот шешімі шығарылмаған. Бұл «Алкоголизм мен нашақорлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеу туралы» Заңның талаптарына қайшы. Дегенмен, қос шенеунік бұл жолы ескертумен құтылды.

Элеонора Өтеғалиева, БҚО прокуратурасының баспасөз хатшысы:

Облыс прокуратурасының ұсынысы бойынша, емдеу мекемелерінің басшылары Шумбаловқа және Курохтинге сыбайлас жемқорлық жағдайын туғызатын құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін, «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілді.

Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мұнымен келіспейді. Бұған дейін де жүйке жүйесі сырқатына шалдыққандарға жүргізуші куәлігін беру ісіне қатысты прокуратура мен аталған басқарма арасында келіспеушілік туындаған.

Нұржамал Жұмағұлова,  БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Мұндай жағдайдың болғанын мойындаймыз. Дегенмен, наркологиялық емдеуге мұқтаж адамдардың кейбірінің тұрғылықты мекен-жайы белгісіз, кейбірі түрмеден босап шыққандар. Сондықтан олар туралы нақты ақпарат алынғасын, бұл қателік түзетілді. Ал ішімдік құмар азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге олардың туыстарынан түскен арыз негізге алынды.

Еркін КАРИН